Ұлан Қонысбаев: “Қайраттың” қолда тұрған чемпиондық атақтан айырылуына басты себепкер – Владимир Вайсс”
Осы орайда біз Ұланға хабарласып, біршама сұрақтарға жауап алған болатынбыз.
- Ұлан, маусымды қорытындылап өтсеңіз. Биылғы «Қайраттың» көрсеткіші жанкүйерлердің көңілінен шықпағаны белгілі. Соңғы турларда сүрініп, чемпиондықтан айырылып қалды. Бұған не себеп болды?
- Негізі жанкүйерлердің команда ойыншыларына өкпесі жоқ шығар. Себебі, «Қайраттың» әр позициясындағы ойыншылары өз деңгейінде ойнады. Шабуыл шебіндегі Жерар Гоу, жартылай қорғанысқа жауап беретін Бауыржан Исламхан, қорғаушы Ермек Қуантаев және клубтың басқа да ойыншылары жақсы маусым өткізді. Ал, «Қайраттың» қолда тұрған чемпиондық атағынан айырылуына басты себепкер – Владимир Вайсс деп ойлаймын. Өйткені, ол тактикалық және стратегиялық ойларын жүзеге асыра алмады. Өздеріңіз жақсы білесіздер, біз ел біріншілігінің аяқталуына 5 тур қалғанда «Астанадан» 7 ұпай ұзап кеткен едік. Содан кейін жылдың ең маңызды ойындарында бас бапкер негізгі құрамның ойыншыларын орынсыз ауыстырып, жағдайды ушықтырып алды. Содан ұпай жоғалттық. Егер, бапкер сол 5 ойында қателік жасамаса, «Қайрат» чемпион болатын еді.
- «Қайраттың» Еуропа алаңдарына жасаған жорықтарына тоқталып кетсеңіз...
- Клуб жетекшілері команда алдына: «Еуропа лигасының топтық кезеңіне шығу керек», - деген мақсат қойған. Бұл тапсырманы орындау үшін «Қайраттың» қарымы жететін еді. Өкінішке қарай, шешуші ойында «Бордоны» айналып өте алмадық. Егер франциялық ұжымды өткенде біз қазір «Ливерпуль», «Рубин» секілді клубтармен ойнайтын едік. Енді бұл сәтсіздіктің себебін менен емес, бапкерден сұрасаңыздар. Сол кісі түсіндіріп беретін шығар.
- Биылғы маусымдағы өз ойыныңыз туралы айтып берсеңіз. 2014/15 жылғы маусым Сіз үшін сәтті өтті ме?
- Егер шынымды айтсам, биылғы маусым менің спорттық ғұмырымдағы ең сәтсіз маусым болды. Тура маусымның ортасында команда ауыстырдым. Бұл менің ойын тәжірибиеме кері әсерін тигізді. Жылдың бел ортасында жаңа командаға келіп, бірден сіңісіп кете алмадым. «Астана» тізгінін ұстап жүрген Станимир Стойлов пен «Қайраттың» бапкері Владимир Вайсс - екеуі екі түрлі жұмыс істейді. Ұлттық құрамаға қанша шақырту алып, қанша сәтті ойнасам да, клуб бапкерлерінің көңілінен шыға қоймадым. Сол үшін де алаңға биыл жиі шықпадым. Осы жайттерге қарап отырып, биылғы маусымға көңілім толмайды деп айта аламын.
- Сіз осыдан төрт жыл бұрын Қазақстанның «Үздік футболшысы» атанып, қазақ футболының болашақ жұлдыздарының біріне баланып жүрген едіңіз. Бірақ, сол жылдан кейін өнер көрсеткен командаларыңызда қосалқы құрамда қалып, алаңға сирек шығатын болдыңыз. Осының себебі неде екенін айтып бере аласыз ба?
- Бұл сауалды маған емес, сол кездегі менің бапкерлеріме қойғаныңыз дұрыс болады-ау. Рас, 2010/11 жылғы маусым мен үшін ең бір сәтті өткен маусымдардың бірі болды. Сол маусымда мен әрбір ойыннан тыс қалмай, негізгі құрамға ілігіп жүрдім. Дегенмен одан кейінгі жылдары нашар өнер көрсеттім деп айта алмаймын. «Шахтер» Еуропа лигасында ойнаған жылы да бабымда болдым. Бірақ, ол кезде Виктор Кумыков қорғанысқа көп көңіл бөлді. Сол үшін қосалқы құрамда қалып қойып жүрдім. «Астанаға» қайтып барған былтырғы маусымда да командаға көмектесу үшін қолдан келгенше аянған жоқпын. Нәтижесінде біз чемпион болдық. Бұған менің де титтей болса да үлесім бар деп ойлаймын. Тек биылғы маусым мен үшін сәтсіз болды. Ал, өткен маусымдарға ешқандай өкпе жоқ.
- Сіз «Қайрат» клубына жарты жылға жалға келген едіңіз. Келісім-шарт уақыты аяқталды. Енді қайта «Астанаға» ораласыз ба, әлде басқа клубтардың ұсыныстарын қарап көресіз бе?
- Маған қазір бірнеше клубтардан ұсыныс түсті. Бірақ, қарастырған жоқпын. Қазір демалыста жүрмін. Демалысым аяқталғаннан соң, Станимир Стойловпен сөйлесіп көремін. Егер бапкерге керек болсам, клубта қаламын. Ал, маған сенім артпайтын болса, басқа клубтардың ұсынысын қарастырып көремін.
- Бұған дейін өзіңіз жеңіп алған «Үздік футболшы» деген атақты жеңіп алуға биыл кім лайықты деп ойлайсыз?
- Бірінші кезекте бұл атақты алуға Бауыржан Исламхан лайық. Себебі, ол биылғы маусымда Ұлттық құрама сапында, ішкі біріншілікте де, Еуропа алаңдарында да жақсы өнер көрсетті. Одан кейін, «Астананың» капитаны – Таңат Нүсербаевқа да үздік футболшы атағын беруге де болады деп ойлаймын.
- Соңғы кездері әлеуметтік желілерде Cіздің жеке өміріңіз туралы алып-қашпа әңгімелер көп жүр. Сол әңгімелерге сенетін болсақ, Cіз биыл отбасын құрады екенсіз. Бұл ақпарат шындыққа жанасады ма?
- Мен жалпы алып-қашпа әңгімелерге көп көңіл бөлмеймін. Ол менің дайындығыма кері әсерін тигізеді. Сол үшін де әлеуметтік желілерде жанкүйерлермен көп сөйлесе бермеймін. Ал, үйлену туралы әңгімеге келсек, бұйырған күні отбасын құрамын.
- Соңғы сұрағым, оқырмандармен алдағы жоспарларыңыз, мақсаттарыңызбен бөлісіп кетсеңіз...
- Алдымен, келер жылға дайындықты ойдағыдай өткізу бірінші кезектегі мақсатым. Содан соң клуб және Ұлттық құрама сапында сәтті ойнау.
- Әңгімеңізге рақмет.
Уалихан Қосанбай
суреттер sports.kz, prosportkz.kz, sportinfo.kz сайттарынан алынды
№ | Команда | И | М | О |
---|---|---|---|---|
1 | Қайрат | 24 | 39-21 | 47 |
2 | Астана | 24 | 39-19 | 46 |
3 | Ақтөбе | 24 | 39-26 | 43 |
4 | Ордабасы | 24 | 36-24 | 42 |
5 | Тобыл | 24 | 33-23 | 39 |
6 | Елімай | 24 | 35-32 | 37 |
7 | Атырау | 24 | 28-20 | 35 |
8 | Қайсар | 24 | 28-29 | 34 |
9 | Қызылжар | 24 | 29-26 | 29 |
10 | Жеңіс | 24 | 18-32 | 24 |
11 | Жетісу | 24 | 17-33 | 23 |
12 | Тұран | 24 | 16-39 | 20 |
13 | Шахтер | 24 | 12-45 | 10 |