Елдос Ахметов: “Ертістің” бар құпиясы – бірлігінде”
- Биылғы жылдың басында мен “Астанадан” кетемін деп шештім. Көбірек алаңға шығып, ойын тәжірибиесін алғым келді. Осы арада “Ертіс” командасынан ұсыныс түсті. Мен аса қатты ойланған жоқпын. Бірден келісіп, командаға қосылып кеттім. Себебі, мен бұл командада бұрын ойнағанмын. Мұндағы адамдарды, жергілікті жанкүйерлерді жақсы білемін. “Ертіс” - Қазақстандағы даңқты командалардың бірі. Кезінде “Ертістен” кеткім де келмеген еді. Командаға қайта оралғаныма іштей қуандым. Келе салысымен негізгі құрамда орын үшін таласып, бапкерлердің мені бекер шақыртпағанын дәлелдеуге тырыстым. Соның арқасында, команданың өткізген барлық ойынында негізгі құрамда алаңға шығып жүрмін.
- “Ертіс” командасы чемпионат басталуға бір апта қалғанда “Астана-Арена” стадионында жолдастық кездесуде “Астанаға” ірі есеппен жеңілді. Осы нәтижеден кейін “Ертіс” алғашқы алтылыққа ене алар ма екен деген күмән туындағаны анық ...
- Иә, өте жақсы айтып отырсыз. Біз, Түркиядағы оқу-жаттығу жиындары кезінде біршама командалармен жолдастық кездесулер өткіздік. Соның біразында жеңіске жеттік. Бапкер біздің танауымызды көтеріп, қарсыластарға мұрын шүйіре қарай бастағанымызды сезген болуы керек. Содан кейін “Астанамен” ойнатты да, барлығымызды сабамызға түсірді. Бұл енді таза бапкердің тапқырлығы болды деп есептеймін.
- “Ертістің” чемпионат басын өте керемет өткізуінің сыры неде? (Сұқбат "Ақтөбе" - "Ертіс" ойынына дейін алынды. Автор)
- Ең алғашқы ойын алдында Димитар Димитров бізге “жұмылсаңдар жұдырық боласыңдар”, - деді. Бізді соған сендірді. “Сендер бұдан да тамаша ойнай аласыңдар” дегенге келтірді. Сосын шынымен де әр ойын сайын дами бердік. “Ертістің” бар құпиясы - бірлігінде.
- Сол алғашқы турда Cіз допты қақпаның сызығынан шығардыңыз...
- “Оқжетпеспен” өткен ойын болатын. Әлібек Бөлешев өте тәжірибиелі шабуылшы ғой. Қақпашыдан өткен допты дер кезінде қайтарып үлгердім. Осы сәттен кейін қатты шабыттандым. Қорғаныста сауатты ойнауға кірісіп кеттім.
- Давид Лория бес ойын бойы қақпасына гол жібермеді. Қорғаушылардың еңбегі зор шығар..
- Бапкердің мынандай сөзі бар: “Криштиану мен Месси екеуіне ғана қорғанысқа қайтпаса болады. Ал, қалған футболшылардың барлығы алдымен қорғанысты ойнауы тиіс”.
- “Ертіс” сапында мықты легионерлер баршылық. Солардың ішінде қай футболшыны бөле жарып айтуға болады?
- Командадағы легионерлердің барлығы да мықты. Жеке футболшы ретінде Эрераны алып қарасақ, оның стильі өзгеше. Латын Америкалық футбол мәнері. Допты сенімді ұстап, дриблинг көп жасайды. Ал, Фонсека қаптал арқылы қыруар іс тындырады. Пастары да тамаша. Бірақ ұжымдағы легионерлердің ішінде команда үшін пайдасы зор бір футболшы бар. Ол – Гогита Гогуа. Бұл ойыншы нағыз команданың жүрегі. Керек кезінде кесіп тұрып паста береді, өзі де алға суырылып шыға салады. Қарсыластар оның іс-қимылын бағамдай алмайды. Өткен айда ол жанкүйерлер пікірі бойынша “Ертістің” үздік ойыншысы атанды. Оны командадағы жігіттер де толық мойындайды.
- Жақында ғана Қазақстан Ұлттық құрамасы сапында өнер көрсеттіңіз. Бапкерлер орталық қорғаушылардың аздығынан Сізді сол позицияға қойып жіберсе, ойнап шыға алар ма едіңіз? Өйткені, Сіз туралы осындай әңгімелер бар.
- Ортада ойнаған өзіме ұнайды. Жалпы, қорғаныстың кез-келген жерінде ойнауға дайынмын. “Астанада” жүрген кезімде 4-5 ойын орталық қорғаушы қызметінде алаңға шыққаным бар. Егер бапкерлер солай деп шешсе, мен оған дайынмын.
- Ал, Қазақстан құрамасына жергілікті мамандар келгеніне қалай қарайсыз?
- Қазақстан футболын іштен жақсы білетін мамандар болғандықтан, олармен жұмыс істеу бізге де оңай. Көп нәрсені түсіндіріп жатпаймыз. Олар да біздің қай жерде не жасай алатынымызды біледі. Сондықтан, жергілікті мамандардың болғанын қолдаймын. Әзірбайжан мен Грузияға қарсы өткен ойындарды тамашалаған болсаңыздар, бір нәрсеге көз жеткізесіздер. Ол – құрамадағы футболшылардың барлығы сол бапкер үшін, сол кісілердің артқан сенімін ақтау үшін алаңда жанын беруге дайын екенін байқайсыз. Оның үстіне ел футболында біршама жыл бойы кілең шетелдік мамандар жүрді. Соңғы рет құрамада қашан қазақстандық бапкер болғанын қазір қиналып еске аласыздар. Шетелдік бапкерлерді шақыра бермей, отандық мамандарға да сенім артып тұру керек деп ойлаймын.
- Әңгімеңізге рахмет!
Ермұхамед МӘУЛЕН
№ | Команда | И | М | О |
---|---|---|---|---|
1 | Қайрат | 24 | 39-21 | 47 |
2 | Астана | 24 | 39-19 | 46 |
3 | Ақтөбе | 24 | 39-26 | 43 |
4 | Ордабасы | 24 | 36-24 | 42 |
5 | Тобыл | 24 | 33-23 | 39 |
6 | Елімай | 24 | 35-32 | 37 |
7 | Атырау | 24 | 28-20 | 35 |
8 | Қайсар | 24 | 28-29 | 34 |
9 | Қызылжар | 24 | 29-26 | 29 |
10 | Жеңіс | 24 | 18-32 | 24 |
11 | Жетісу | 24 | 17-33 | 23 |
12 | Тұран | 24 | 16-39 | 20 |
13 | Шахтер | 24 | 12-45 | 10 |