Нұрғазы Сасаев: "Астана" ойыншыларының Ұлттық құрамаға тигізген пайдасы ұшан-теңіз"
- «Астана» футбол клубына небәрі жеті жыл. Соңғы жылдарда жеткен нәтижесінің арқасында Қазақстан футболының үздігі болған «Ақтөбені» өз тағынан тайдырып, ел футболының флагманына айналды деуге болады. «Астана» осы мәртебеге қаншалықты лайық?
- Соңғы екі жылда «Астананың» қазақ футболы тарихында тыңнан түрен салып, бұрын-соңды аяқдобымызда болмаған жетістіктерге қол жеткізіп келе жатқаны айдан анық. «Астана» нәтижелі ойын өрнегімен тіпті Еуропаны елітіп, «Кәртамыс Ғаламды» тәнті етті. Дәл қазір «Астана» – ел футболындағы ең үздік клубымыз. Десек те, екі жылмен шектелмейік. «Астана» алдағы уақытта да осылай ерен жетістіктерімен қуанта берсе, сонда ғана осылай деп кесіп айтуға болады. Әзірше «Астана» қазақ футболының көшбасшысы болуға талпынып, нақты қадамдар жасап келеді деп ойлаймын.
- Алматылық «Қайратты» халықтық команда деп атайды. Алайда «Қайратқа» Алматы қаласының және облыс аймағындағы адамдар ғана жанкүйерлік етеді. Ал, «Астана» халықаралық аренадағы жетістіктерінің нәтижесінде қазақстандық жанкүйерлердің көзайымына айналды деуге болады? Осы орайда «Астананы» жалпыхалықтық команда деуге бола ма?
- Жалпы, осы «халықтық» деген атақты кім беріп жүр? Шынымен халық па? Әлде клубтың өзі «жапсырып» алып, жарнамасын келістіріп жүр ме? КСРО тұсында «Қайраттың» қазақтың «Қайраты» болғаны рас! Оған дау жоқ. Ал қазір ше? Қазақшасы қарабайыр «Қайрат» шынымен де «халықтық команда» ма? Күмәнім бар. Мәселен, Ақтөбе мен Шымкенттің өздерінің сүйікті командасы бар. «Ертісті» Алматыда жаяу-жалпы сабылтқан сол команданы Павлодардағы жанкүйерлер өліп-өшіп сүйе ме? Сіз «Астана» – жалпыхалықтық дейсіз бе? «Қайраттан» қалыспаудың кері ғой. Негізі, жақсы пиар екен. Жалпы, бүкіл халықтың сүйіспеншілігіне өрнекті ойындарыңызбен және ерен жетістіктеріңізбен ие болсаңыздар, әрине мойындаймын. Тек мұндай құрметке сөзбен емес, іспен ие болған абзал. Өздеріңіз стадионға жиналған халыққа қарап, тегістей бір сүзіп шығыңыздаршы. Кім көп? Әрине, қазақтар. Себебі басқа елдің, басқа ұлттың өз командасы, өз сүйіктілері бар. «Барселона», «Реал», «Бавария», «Динамо» (Киев), «Шахтер», «Зенит», «Спартак», тағысын тағы. Сондықтан «Астана» болсын, «Қайрат» болсын, бірінші кезекте ҚАЗАҚтың командасы екенін ұмытпағандары жөн. «Халықтық» немесе «жалпыхалықтық» болу үшін әуелі тура осылай анық айтыңыздар. «Народный» деп емес... Өйткені «народный команда» бар. Бірақ басқа елде. Ал футбол ұранында көшірме, калька деген ұғым жоқ сияқты...
- «Астана» еврокубок ойындарының топтық кезеңінде екі жыл қатарынан өнер көрсетіп келеді. Дәл мұндай нәтижеге Қазақстанның басқа ешбір командасы жете алған жоқ. Алайда жанкүйерлер командадан бұдан да жоғары нәтиже күтеді. Сіздің ойыңызша, «Астана» командасының еврокубок ойындарының көктемгі кезеңге өту мүмкіндігі қаншалықты? «Астана» сияқты жас ұжымнан дәл мұндай нәтижені талап ету дұрыс па?
- Талап ету дейсіз бе? Бұл жанкүйерлердің талабы емес, арман-тілегі дер едім. Біздің жанкүйерлеріміз де еліміздің командалары Еурокубоктардың бас бәйгесіне таласқанын қалайды. Біздің жанкүйерлеріміз де жылда азулы командалардың қазақ даласынан көргісі келеді. Оған өздеріңіз де «кінәлісіздер». «Атлетико» секілді азуы алты қарыс командамен тең түсіп, кез-келген командамен ойнауға болатындығын көрсеттіңіздер де, дәлелдедіңіздер де. Бәрін де қағаз жүзіндегі атақ-даңқ пен футболшылардың жалақылары шешпейді екен. Қайсарлық, жанкештілік, табандылық, береке, бірлік – міне, осылардың басын біріктіріп, қас шеберлермен жасақталған командаларға төтеп бердіңіздер. Әрине, екі жылдық тәжірибе Чемпиондар лигасында ойран салуға аздық етеді. Менің ойымша, былтырғы қарқындарыңыз бен былтырғы құрамдарыңыз болғанда, биылғы Еуропа лигасындағы дәл осы топтан шыға алатын да едіңіздер ме еді?! Бірақ биыл 11-13 ойыншымен деңгейі жоғары додада сенім үдесінен шығу мүмкін болмады. Әйтсе де, намысты қолдан бермей, тайталасып бақтыңыздар... Жалпы, Еурокубок додаларының көктемгі кезеңіне шығу үшін команда құрамын нығайта түсу керек деп ойлаймын. Бірінші кезекте, құралайды көзге атқан бесаспап шабуылшы мен шабуыл ұйымдастыратын “еркін суретші” қажет сияқты. Ойын үйлестірушілеріңіз бар, қос қапталдарыңыз жаман емес. Тек шабуылдың “ұштығын” қайрай түсу керек секілді.
- Елордалық ұжым 12 ойын қатарынан өз алаңында ешкімге жеңілген жоқ. Көптеген футбол мамандары мен жанкүйерлер бұл нәтижені кездейсоқтық деп есептейді. 12 ойын қатарынан кездейсоқтық болу мүмкін ба?
- Бір емес, екі рет емес, 12 ойын бойы жеңілмеу, кездейсоқтық емес, әрине. Мұның өзіндік себептері бар, әрі көп те. Тіпті жасанды алаң желегін де көлденең тартуға болады. Бірақ ұлттық құрама деңгейінде көріп жүрміз, нағыз мықты ұжымдар шынымен де алаң талғамайды. Ал, «Астананы» өз алаңында Чемпиондар лигасының финалына шыққан команда да ұта алмады. Неге? Білмеймін, маған «Астана» Сарыарқа төсіндегі сәулетті стадионда ерекше құлшыныспен ойнайтындай болып көрінеді, әйтеуір. Осы 12 матчтың қаншамасын «Астана-Арена» стадионында отырып тамашаладым. Жеңіліп жатса да, елорда клубының соңғы минуттарда, тіпті соңғы секундтарда таразы басын теңестіріп немесе жеңісті жұлып алғанын да көрдім. Бұл не құдірет? Стадионның немесе жанкүйерлердің мысы басып тұра ма? Әлде Станимир Стойлов “сиқыршы” ма? Жоқ, команда басшыларының бірінің бағы бес елі ме? Әлде «Астана» клубында да Құрбан Бердыев сияқты тасбиық ұстайтын біреу бар ма? Дөп басып айта алмаймын...
- «Астана» сапынан қазіргі уақытта 9 ойыншы Ұлттық құрамада өнер көрсетеді. Еврокубок ойындарында нәтижелі ойын көрсетіп жүрген «Астана» командасы ойыншыларының Ұлттық құрамаға тигізер пайдасы қаншалықты? Бейсебекоав, Мужиков, Нұрғалиев сынды жігіттердің ойынынан алға жылжу байқала ма?
- «Астана» ойыншыларының Ұлттық құрамаға тигізген пайдасы ұшан-теңіз екенін жоққа шығара алмаймыз. Себебі Ұлттық құрама кейінгі кездері «Астана» футбол клубының қорғаныстағы тактикасына иек артады деуге де болады. Маңызды матчтарда бес қорғаушымен ойнау, екеуінде де дағдыға айналды. Соңғы екі маусымда Серікжан Мужиков мейілінше шыңдала түсті. Ұлттық құрама бапкеріне осы ойыншыға көбірек сенім артып, мүмкіндік беру керек сияқты. Сондай-ақ, Абзал Бейсебеков те әжептәуір ысылды. Тіпті қай шепке қойса да, сенім үдесінен шығуға тырысып келеді. Маусым соңында жарақат алып қалған Асхат Тағыберген де тыным таппай, тізгін тартпай атой салып, тәжірибесін толыстыра түсті. Юрий Логвиненко, Дмитрий Шомко, Сергей Малый ұлттық құраманың белді ойыншыларына айналған. Азат Нұрғалиев болса, маусым басында және ортасында ең үздік ойыншыларымыздың бірі болды. «Астанаға» келген бетте көсіле шапты. Таңат Нөсербаев жарақат алып қалмағанда, әдеттегідей намыс отына шоқтай қарылған ойыншы екенін көрсете берер еді.
- Қазақстан футболының болашығы жас буын өкілдерінде екені бәрімізге белгілі. Осыған дейін ел футболында жас ойыншыларға арнайы шектеу (лимит) болатын. Осы шектеу болған кезде Қазақстан жастар құрамасының нәтижесі де жоғары болды деуге болады. 2-3 жыл бұрын Қазақстан жастар құрамасы сапында Исламхан, Покатилов, Айымбетов, Қуат, Жанқылышбай т.б. ойыншылар өте жақсы нәтиже көрсетті. Ел біріншілігінде ең кемі 12 жас ойыншы тұрақты түрде алаңға шығып тұрды. Бертін келе футбол мамандары мен біршама БАҚ өкілдері бұл шектеуге (лимит) наразылық танытып, оны алып тастады. Сіздің ойыңызша, бұл шектеуді қайта келтірген дұрыс па? Жастар құрамасын жасақтауда маңызы қаншалықты?
- Мен осы шектеуді қос қолдап тұрып қолдаймын! Әрі “сол екі ойыншының біреуі міндетті түрде ұлты қазақ футболшы болсын” деп, анық айтылса деймін. Осы шектеуді қайта күшіне енгізу керек деп санаймын. Ал, оны алып тастауға мүдделі болғандар кімдер? Бірінші кезекте, Қазақстан клубтарының тізгінін қолдарына ұстаған шетелдік бапкерлер еді. Себебі оларға аймақ басшылары алдына қойған мақсатқа қол жеткізу керек. Олардың біздің жастарымызды тәрбиелеуге уақыттары жоқ, мүдделі емес. Ал, бізге ертеңімізді де ойлау қажет. Бәлкім, олардың жалақыларына да шектеу қою керек шығар. Ауызекітілмен айтқанда, оларға белгілі бір сомадан артық жалақы төленбейтіндей болсын. Сыйақылары да қадағаланып отырсын. Бәрі бірдей жағдайда болып, бәрі бірдей еңбекақы алса, ешқайсысы да дандайсып кетпейді, деп ойлаймын. Сонда ешкім де “Жұлдыз” ауруына шалдықпас! Содан соң... Білесіздер ме, мен жаңылмасам, әлем чемпионатының іріктеу ойындарында КСРО сапында ойнаған жалғыз қазақ, бүгінде Қазақстан футбол федерациясының президенті болып сайланған Сейілдә Байшақов ағамызға да кезінде осындай шектеудің пайдасы тиген. Ол кезде «КСРО чемпионатында ойнайтын “Қайраттың” сапында бір қазақ ойнасын» деген шарт болған...
№ | Команда | И | М | О |
---|---|---|---|---|
1 | Қайрат | 24 | 39-21 | 47 |
2 | Астана | 24 | 39-19 | 46 |
3 | Ақтөбе | 24 | 39-26 | 43 |
4 | Ордабасы | 24 | 36-24 | 42 |
5 | Тобыл | 24 | 33-23 | 39 |
6 | Елімай | 24 | 35-32 | 37 |
7 | Атырау | 24 | 28-20 | 35 |
8 | Қайсар | 24 | 28-29 | 34 |
9 | Қызылжар | 24 | 29-26 | 29 |
10 | Жеңіс | 24 | 18-32 | 24 |
11 | Жетісу | 24 | 17-33 | 23 |
12 | Тұран | 24 | 16-39 | 20 |
13 | Шахтер | 24 | 12-45 | 10 |