Асхат Тағыберген: “Сәтсіз маусым үшін ақтөбелік жанкүйерлерден кешірім сұраймын...”
- Асхат, әңгімемізді әріден бастасақ. Оқырмандарға футболдағы алғашқы қадамдарыңыз туралы айтып берсеңіз ...
- Мен өзім Қызылорда қаласының тумасымын. Футболдағы алғашқы қадамымды Сыр елінде бастадым. Барлық балалар секілді бірінші аула футболын ойнап жүргенмін. Бір күні сабақтан үйге келіп киімімді ауыстырып, аулаға шықсам, ешкім жоқ. Жөн сұрасам барлық балалар арнайы футболшыларды дайындайтын футбол мектебіне кетіп қалыпты. Сол кездері Қызылорда қаласына шағын футболдың жаттықтырушысы болып Кеңес Исаев деген жаттықтырушы келген. Өзі біркездері футболдан ел біріншілігінде төреші болып жұмыс істеген. Ертеңіне балалар мені де сол бапкерге алып барды. Әлі есімде жұма күні, қасиетті күн болатын. Негізі ол бапкер бұрыннан ойнап келе жатқан футболшыларды сенбі күні шақырып, жаттығу жасатады екен. Ал, енді ғана келіп жатқан балаларды жұма күні шақыртып, іріктеу өткізетін. Жұма күні мен де балалармен еріп барғанмын. Жаттығуда гол соғып, өзімді жақсы қырынан көрсеттім. Бапкер де мені бірден байқады-ау деймін. Ертеңіне яғни, сенбі күні болатын жаттығуға шақырды. Футболдағы алғашқы қадамдарымды осылай бастадым десем болады. Шағын футболдағы алғашқы турнирімде үздік сұрмерген атандым. Облыс ішінде менен бір жас үлкен балалардың арасындағы бәсеке еді. Бапкер маған сенім артып, құрамаға қосқан. Мен сол сенімді ақтадым деп ойлаймын.
Бірінші бапкерім негізінен жас балаларды жаттықтыратын еді. 16-17 жасқа келгенде ол біздің буынды келесі бір қадамға жіберіп, өзі тағы да жас балаларды іріктеуге көшті. Сол кезде мен үлкен футболға ауыстым. Қызылорда облысындағы 1990 жылы дүниеге келген футболшылардың құрамасына кірдім. 2007 жылы алғаш рет бірінші лигада ойнайтын «Қайсар» командасының фарм-клубына қосылдым.
2008 жылы «Қайсар» футбол клубының негізгі құрамына өттім. Ол кезде «Қайсарды» Владимир Никитенко жаттықтыратын. Премьер-лигада алғаш рет ойнау мүмкіндігін осы бапкер берген еді. Алғашқы ойыным «Ертіске» қарсы өтті. Ойын аяқталуына 15 минут қалғанда кірдім алаңға. Бірақ, шыға салған бетте сары қағаз алып қалдым. Зотов деген футболшы болған. Соны шалып құлатқаным үшін жазаландым. Дегенмен де, бапкер мені келесі ойында негізгі құрамда алаңға жіберді. Алматыда «Мегаспорт» деген команда бар еді ол кезде. Сол ойында басынан-аяғынан дейін ойнап шықтым. Осылайша үлкен футболдағы алғашқы қадамдарымды Владимир Никитенконың сенімінің арқасында жасадым.
- Премьер-лигада ойынында алғаш алаңға шыққан сәттегі көңіл-күйіңіз қалай болды?
- Ол кезде мен 18 жаста едім. Шынымды айтайын, қобалжу болды. Алаңға кірген бетте «Қалай ойнаймын?», «Доп келіп қалса не істеймін?», «Кімге пас беремін?» деген ойлар болды әрине. Алайда, бапкердің сенімінен кейін, командадағы әріптестерімнің қолдауымен алаңға бой үйрете бастадым.
- Үлкен футболдағы алғашқы голыңыз есіңізде ме?
- Мен үлкен футболдағы бірінші голымды үш жыл күттім. Сөйтіп, 2011 жылы «Ордабасы» қақпасына соқтым. Ал, «Ақтөбе» сапындағы бірінші голымды мен премьер-лига ойындарында емес, Қазақстан кубогінде елордалық «Бәйтерек» клубының қақпасына салдым. Ол ойында біз 9:1 есебімен жеңіске жеткен едік. Мен біздің команданың үшінші голын қақпаға енгіздім.
- «Қайсар» сапында бес жылдай өнер көрсеттіңіз. Содан соң «Ақтөбеге» ауыстыңыз. Өзіңіздің командаңызды, туған жеріңізді тастап кету қиын болған жоқ па?
- Әрине, «Қайсардан» кету оңай болған жоқ. Сол бес жылдың ішінде көп дүниені үйрендім. Мен негізгі құрамның ойыншысы бола бастағанда Владимир Никитенко да қызметінен кетті. Кейін 2012 жылы командаға қайта келіп, бізді 12-ші орыннан 7-ші орынға бір-ақ көтеріп тастады. Дегенмен, ол кездері облыс тарапынан командаға қолдау аз болды. Команда бізге берешек болып қалды. Сөйтіп, «Қайсар» бірінші лигаға түсіп қалды. Оның үстіне мен тіземнен жарақат алып, операцияға баратын болдым. Отаны аман-есен жасатып келсем, Владимир Андреевич «Ақтөбенің» бас бапкері қызметіне тағайындалыпты. Сол кезде маған «Ақтөбенің» президенті Сағат Еңсегенұлы қоңырау шалып, командаға ауысу туралы ұсынысын айтты. Мен бұл ұсынысты біраз ойландым. Үйдегілермен де, «Қайсар» командасының басшыларымен де ақылдастым. Сөйтіп команда ауыстыру туралы шешімге келдім. «Ақтөбеде» мені жақсы күтіп алды. Ол кезде командада Петр Бадло, Эмиль Кенжесариев деген мықты футболшылар бар еді. Әрине, бұл командада бірден ойнап кету қиын болатынын білдім. Бірақ, клубпен бірге бірінші оқу-жаттығу жиындарынан кейін, менде өз-өзіме деген сенімділік күшейе түсті.
- «Ақтөбеге» ауысқан бірінші жылдың өзінде Қазақстан чемпионы атағын жеңіп алдыңыз. Алайда, одан кейін команданың көрсеткіші тек төмендеп келеді. Мұның себебі неде?
- Иә, мен командаға келген 2013 жылы біз Қазақстан чемпионы атанған едік. Одан кейінгі жылы күміс, биыл қола алып отырмыз. Бұл жерде негізі команданың көрсеткішіне бір ғана фактор әсер етті деп айта алмаймын. Футболды болжам жасауға келмейтін ойын деп бекер айтпайды ғой. Бапкер, ойыншылардың дайындығы, ойынның тактикасы, бапкердің көзқарасы, міне осы жәйттің барлығы да команданың нашар көрсеткішіне әсер етеді.
- Негізі Сіз «Ақтөбеге» Владимир Никитенко басқарып тұрған кезде келген едіңіз. Бірақ, былтыр оның орнына Владимир Газзаев келді. Ресейлік бапкер туралы айтып берсеңіз. Оның жұмысында ерекшеліктер бар ма? Бұл маман кезінде команда ішіндегі атмосфера қалай болды? Газзаевтың кезінде Сіз қалай өнер көрсеттіңіз?
- Әр бапкердің футболға деген өз көзқарасы, өз стильі болады. Мысалы, біз негізі Владимир Никитенко кезінде көбіне жаттығуда доппен жұмыс жасап, ойынның соңында кем дегенде 20 минут футбол ойнайтын едік. Ал, Газзаев футболшылардың физикалық дайындығына көп көңіл бөлді. Ол кезде жаттығудың көп бөлігінде доппен емес, тек физикалық күшімізді дайындадық. Жанкүйерлер жақсы біледі, бұған дейін біз әр матчта 60-70 пайыз допты өз бақылауымызда ұстайтынбыз. Бас бапкерлік қызметке Андоне мырза келгенде қайта доппен көп жұмыс істей бастадық. Алаңда допты бақылау көрсеткішін де арттырдық.
- Екі жыл болды «Ақтөбе» клубы Еуропа алаңдарында дұрыс өнер көрсете алмай жүр. Әсіресі команданың биылғы қартамыс құрлықтағы жорығы жанкүйерлердің жадында жақсы сақталды. Бірінші айналымда «Нымме Калью» клубынан аса алмай қалдыңыздар. Мұның құпиясы неде?
- Еуропадағы ойындарды есімізге түсірсек, командадағы барлық футболшылар өздерін қоярға жер таба алмай кетеді. Әлі де өзімізді іштей жеп жүрміз. Қазақта «Тәртіпке бағынған құл болмайды»,-дейді ғой. Биылғы қарсыласымыз екі ойында да бапкердің тапсырмасын жақсы орындап, бізді жеңіп кетті. Негізі Еуропа лигасына өткен қыстан бері тынбай дайындалған едік. Бірақ, өкінішке қарай, бірінші айналымнан аса алмадық. Мұның себебі неде екенін мен нақты айта алмаймын..
- «Ақтөбе» клубының биылғы маусымын қорытындылап өтсеңіз ...
- Шынымды айтсам, «Ақтөбенің» биылғы көрсеткіші көңілімнен шықпайды. Бүкіл команданың да көңілінен шықпайды деп ойлаймын. Біздің мақсатымыз үшінші орын емес, чемпиондыққа таласу еді. Енді бұл маусымды мен де, командалас әріптестерім де жадынан өшіріп, келер маусымда бұдан да жақсы көрсеткішке жету үшін жұмыс істейміз. Биылғы маусым жанкүйерлер үшін де қиын болды. Дей тұрғанымен бұл көрсеткішке бізден басқа ешкім кінәлі емес. Барлығына өзіміз жауаптымыз. Сол үшін де «Ақтөбе» футбол клубының жанкүйерлерінен кешірім сұраймын.
- Келер маусым деп қалдыңыз, келер жылы Сіз «Ақтөбе» клубында доп теппей қалуыңыз да мүмкін ғой. Өйткені, жуырда Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев команданы жаңартамыз және клуб қатарында облыстың жас футболшылары ойнайтын болады деген еді ...
- Ондай әңгіме болғаны рас. Десе де, менің әлі командамен бір жылдық келісім-шартым бар. Барлығын енді өз уақытында көре жатармыз. Дәл қазір ашып ештеңе айта алмаймын.
- Жуырда бұрынғы әріптесіңіз Эмиль Кенжесариев жолдау жіберіпті. Оны көрген де шығарсыз. Сұрағым келгені, қазір Эмильдің командадағы орны білінеді ме? Жалпы ол футболшымен байланыс жасап тұрасыздар ма?
- Эмильдің командадағы орны ерекше білініп тұрады. Жолдауды да көрдім. Жеке менің ойымша, ол «Ақтөбе» сапындағы емес, Қазақстан бойынша техникасы мықты, үздік ойыншы еді. Оның алаңдағы ойлау қабілетіне елімізде бірнеше футболшы ғана жетеді. Енді Жаратушымыздың қалағаны сол шығар, келеңсіз жағдайға тап болды. Эмильмен әлі күнге дейін араласып тұрамыз. Керек көзде көмегімізді де аямаймыз.
- Рақмет.
Уалихан Қосанбай
фотолар "prosportkz.kz", "rikatv.kz", "fcaktobe-fans.kz" сайттарынан алынды
№ | Команда | И | М | О |
---|---|---|---|---|
1 | Қайрат | 24 | 39-21 | 47 |
2 | Астана | 24 | 39-19 | 46 |
3 | Ақтөбе | 24 | 39-26 | 43 |
4 | Ордабасы | 24 | 36-24 | 42 |
5 | Тобыл | 24 | 33-23 | 39 |
6 | Елімай | 24 | 35-32 | 37 |
7 | Атырау | 24 | 28-20 | 35 |
8 | Қайсар | 24 | 28-29 | 34 |
9 | Қызылжар | 24 | 29-26 | 29 |
10 | Жеңіс | 24 | 18-32 | 24 |
11 | Жетісу | 24 | 17-33 | 23 |
12 | Тұран | 24 | 16-39 | 20 |
13 | Шахтер | 24 | 12-45 | 10 |