Суперкубок кімге бұйырмақ?
Суперкубок сайысына екі ұжымды да дайын деп айтуға келмейді. Себебі, маусымаралық үзілісте екі команданың да құрамы толық жасақталып үлгермеді. Сонымен қатар, алдағы ойын маусымдағы бірінші матч болғандықтан, клуб ойыншылары нағыз бабында емес. Оның үстіне Қазақстанда трансферлік маусым сәуірдің 3-ші жұлдызына дейін жалғасатынын ескерсек, әлі де болса кос клубқа жаңа футболшылардың келері айдан анық. Дей тұрғанымен, алматылықтарда жаңа ойыншылар арасында қақпашы Андрей Сидельников, "Астана" сапында былтыр "Қайратта" ойнаған Джордже Деспотович пен Асхат Тағыбергеннің келгенін айтуға болады. «Қайрат» өз тарихында ел Кубогын 7 мәрте жеңіп, Суперкубок финалына осымен екінші рет шығатын болады. 2015-ші жылы «Астана Аренада» «Астана» мен «Қайрат» шығып, пенальти сериясы бойынша елордалықтар жеңіске жеткен. Жалпылама деректерге сүйенетін болсақ, Кубок иегері Суперкубокты тарихта небәрі екі-ақ рет жеңген.
Аршат Ораз - блогер:
Жалпы, ішкі чемпионат бұдан кейін осы екі клубтың гегемониясымен өтетін сияқты. Қос команданың әр кездесуі дерби сипатында болмақ. Маусымға психологиялық басымдықпен де шығу маңызды. Сондықтан, екі жақ та аянып қалмасы анық. Дәл қазір қандай формада екендері белгісіз. Нақты болжам айта алмаймын. Меніңше, ойын тең аяқталады. Пенальтиде кімнің жолы болады, сол жеңеді.

Бек Төлеуов - Спорт шолушысы:
«Астана» бұл жолы да фаворит деп ойлаймын. Стойлов бапкер ретінде Бородюктен тәжірибелі, әрі мықты. Өз жерінде ұтылмауға тырысады. Сондықтан, елорда командасы ұту керек. Есеп 2-1 болатын шығар. «Астана» сапынан бір голды "Қайраттың" экс-шабуылшысы Джордже Деспотович соғады.

Ермек ТӨРЕНИЯЗОВ - «ҚазСпорт» арнасының комментаторы:
2016-жылғы Суперкубоктың иегері «Қайрат» болады деп ойлаймын. Есеп 3:1. Астана командасы жеңіліп жатқан шақта көп шабуылдайды. Оларда гол соғатын мүмкіндіктер болады. Алайда, гол соға алмайды. Ары кетсе бір соққысы қақпа бағанынан кері серпілер. Ал, соңғы 90-шы минуттарда «Қайрат» үшінші голды салып, қорытынды нәтижені тіркейді. Менің болжамым осылай.

Дия Несіпбаева - фототілші:
Суперкбокты көбінесе чемпион команда жеңіп жатады. Сондықтан да, бұл жолы мен «Астана» ұтады деп отырмын. Оның үстіне «Қайраттың» бапкері жаңадан келген. Команданы әзірге толықтай танып үлгере алмады. Қанша дегенімен ресми ойын өткізбеді ғой. Сондықтан «Астана» 1:0 немесе 2:1 есебімен жеңетін шығар деп отырмын.

Қазақстан Суперкубогының финалында "Астана" мен "Қайрат" командалары кездеседі. Ойын 8-ші Наурыз күні "Астана-Арена" стадионында өтеді. Ойынның басталуы 15:00-дe. Стадионға кіру тегін. Ал, ойынды тікелей эфирде "ҚазСпорт" және Қазақстан Ұлттық арналары көрсететін болады. Матчты Руслан Бақытжан және Жандос Байділдa жүргізеді. Ойынның бас төрешісі өзбекстандық қазы Равшан Ирматов.
| № | Команда | И | М | О |
|---|---|---|---|---|
| 1 | Қайрат | 6 | 9-1 | 14 |
| 2 | Ордабасы | 6 | 10-5 | 12 |
| 3 | Елімай | 6 | 10-5 | 12 |
| 4 | Қызылжар | 6 | 9-4 | 11 |
| 5 | Оқжетпес | 6 | 10-7 | 11 |
| 6 | Ұлытау | 6 | 7-5 | 11 |
| 7 | Астана | 6 | 9-8 | 9 |
| 8 | Жетісу | 6 | 6-8 | 8 |
| 9 | Атырау | 6 | 4-3 | 7 |
| 10 | Ақтөбе | 6 | 7-8 | 7 |
| 11 | Ертіс | 6 | 8-9 | 6 |
| 12 | Жеңіс | 6 | 3-8 | 6 |
| 13 | Қайсар | 6 | 2-6 | 4 |
| 14 | Алтай | 6 | 3-6 | 3 |
| 15 | Тобыл | 6 | 5-12 | 2 |
| 16 | Каспий | 6 | 2-9 | 1 |