Төртінші ойында төбеміз көкке жетсе...
Байсуфинов-Мәзбаев тандемінің келесі қарсыласы Грузия Ұлттық құрамасы. Ойын Борис Пайчадзе атындағы Тбилисидегі орталық стадионда өтеді. Грузия құрамасының соңғы жаңалықтарына тоқталар болсақ, команданың тізгінін Владимир Вайсс ұстады. Бұл словакиялық маман барша қазақстандық жанкүйерлерге етене таныс. Алматылық “Қайраттың” бапкері болған Вайсс, үш жыл бойы ел чемпионатында қызмет етті. Енді ол қайтадан құрамамен жұмыс жасайтын болып шешті. Кезінде Словакия құрамасын Әлем чемпионатына шығарған жаттықтырушы грузиндердің ойынын күшейтері анық.

Грузия құрамасы Еуро-2016 додасының іріктеу сыны аясында “D” тобында өнер көрсетті. Германия, Польша, Ирлания, Шотландия, Гибралтар секілді құрамалармен сынға түсті. Топта олар тоғыз ұпаймен бесінші орын алды. Тек Гибралтарды ғана басып озды. Сол жас құрамадан олар екі ойында алты ұпай жинаса, өз алаңында Шотландияны жеңіп ұпай қоржынын тоғызға жеткізген. Сонымен қатар, Грузия Борис Пайчадзе атындағы стадионда соңғы өткізген екі ойынында да жеңіске жетті. Алдымен Шотландияны 1:0 қылған соң, Гибралтарды 4:0 етіп талқандап тастады. Дегенмен, іріктеу сынында көрсеткен нәтижелеріне көңілдері толмаған Грузия Футбол Федерациясы Кахобер Цхададзені қызметінен босатты. Енді олар Вайсстың бастауымен 2018-ші жылы Ресейде өтетін Әлем чемпионатының іріктеу ойындарына дайындалады.
Кеңес тұсында Дараселия, Кипиани секілді мықты ойыншыларымен мақтанса, тәуелсіздік алғаннан кейін Шота Арвеладзе, Георгий Деметрадзе, Каха Каладзе, Леврон Кобиашвили сынды футболшыларын Еуропа футбол көгіне шығарды. Аталған футболшылар Еурокубоктық ойындарда жасындай жарқылдады. Ал, осы күні Грузия құрамасының шабуыл шебінде италияның “Эмполи” командасының алғы шептегі ойыншысы Леван Мчедлидзе бар. Сонымен қатар, жартылай қорғаныста Торнике Окриашвили бар. Ол бельгияның “Генк” командасында өнер көрсетеді. Іріктеу матчтарында Торнике талай ойында көзге түсіп жүрді. Қорғаныста негізгі ойыншы ретінде Соломон Квирквелия бар. Ол Қазан қаласының “Рубин” командасында ойнап жүр.

Енді Қазақстан мен Грузия құрамаларының арасындағы жеке матчтарға тоқталсақ. Қос команда бір-бірімен үш мәрте кездескен. Алғашқысы Алматыда өтті. 2006-шы жылғы Әлем чемпионатының іріктеу сыны аясындағы ойында Грузия отандастарымызды 1:2 есебімен жеңді. Қазақстан құрамасының УЕФА аясындағы алғашқы іріктеу ойыны болғандықтан, бұл жерде команданың әлі де болса тәжірибиесіздігі байқалды. Команданың бас бапкері де футболды енді ғана тастаған Сергей Тимофеев болатын. Ол кезде Грузияны “Миланда” ойнайтын Каха Каладзе бастап келді. Одан бөлек Германия бундес лигасында ойнайтын футболшылары да болды. Айта кетуіміз керек сол алғашқы ойынға қатысқан футболшылардан тек Мақсат Байжанов қана осы күні құрама сапында жүр. Одан бері арада 11 жыл уақыт та өтті.
ӘЧ-2006. Іріктеу турнирі.
Қазақстан - Грузия - 1:2 (1:0)
Голдар: Кенжеханов, 23 (1:0), Деметрадзе, 50 (1:1), Деметрадзе, 82 (1:2)
Қазақстан: Лория, Кучма, Фамильцев (к), Ирисметов, Хохлов, Травин, Азовский (Низовцев, 58), Ларин (Чичулин, 82), Байжанов, Жұмасқалиев, Кенжеханов (Крохмаль, 65).
Бас бапкер – С.Тимофеев
Грузия: Ломая, Ментешашвили, Аладашвили (Одикадзе, 78), Каладзе (к), Канкава, Цкитишвили, Гахокидзе, Иашвили (Муджири, 67), Кобиашвили, Деметрадзе (Гануграва, 90), Хизанишвили.
Бас бапкер – Г.Дарсадзе
Ескертулер: Травин 47 - Цкитишвили 47, Аладашвили 73, Хизанишвили 88, Ментешашвили 90
Төреші: Ричард Хаврилла (Словакия)
17.08.2005. Алматы, "Орталық" стадион. 9 000 жанкүйер.

Екінші ойын сол ірктеу компаниясының аясында Грузияда өтті. Алғашқы ойындағы жеңілістен кейін ес жиып, есе қайтаруды ойластырған жерлестеріміз қорғанысты мықтап ұстады. Шабуылға да көп иек артты. Ойынның жетінші минутында Георгий Деметрадзе Лория қорғаған қақпаға допты дарыта алмады. Ұлты грузин келетін қақпашымыз азулы шабуылшының соққысын қайтарып тастады. Ал, осы күнгі Грузияның қақпашысы Георгий Лория екенін де айта кетейік. Егер Тбилисидегі ойынға Байсуфинов бапкер негізгі қақпашы қылып Давид Лорияны шығарса, Владимир Вайсс әдеттегідей Георгий Лорияны тағайындаса, онда бұл жолдастық ойында Лория есімді екі қақпашының теке тіресі де орын алмақ.
ӘЧ-2006. Іріктеу турнирі.
Грузия - Қазақстан - 0:0.
Пенальти: Деметрадзе (Г) пенальти соға алмады (қақпашы).
Грузия: Ревишвили, Мжаванадзе, Салуквадзе, Каладзе, Муджири, Асатиани, Гануграва, Канкава, Кобиашвили, Ашветия (Цинамдзгвришвили, 86), Деметрадзе.
Бас бапкер – Г.Дарсадзе
Қазақстан: Лория, Мұқанов, Кучма (Фамильцев, 50), Смақов, Ирисметов, Ларин (Хохлов, 51), М.Азовский, Травин, Низовцев, Жұмасқалиев, Кенжеханов (Литвиненко, 64).
Бас бапкер – С.Тимофеев
Ескерту: Кобиашвили 51, Асатиани 68 - Низовцев 16, М.Азовский 35, Ирисметов 90
Төреші: Юни Хюютя (Финляндия)
08.10.2005. Тбилиси, Б.Пайчадзе атындағы стадион. Көрерменсіз.

Үшінші ойын жолдастық кездесу ретінде өтті. Бұл матч “Астана-Арена” стадионында 2013-ші жылы тамыз айында ойналды. Ол кезде құраманы чех маманы Мирослав Беранек ұстап тұрған. Пан Беранектің құрамаға бапкер болғалы бергі санаулы жеңісінің бірі осы болатын. “Шахтер” сапында жарқылдап жүрген Сергей Хижниченко кездесудің 17-ші минутында гол соқты. Бұл гол ойындағы жалғыз доп болып қала берді. Тек нәтиже болмаса, әйтпесе құраманың ойыны көңіл көншіте қойған жоқ. Бұл ойынның негізгі құрамында небәрі екі ғана қазақ ойыншысы болды. Ол капитан Қайрат Нұрдәулетов пен Нұрбол Жұмасқалиев. Кейінірек Мақсат Байжанов Нұрболды алмастырды. Және ол ойында Алексей Щеткин де ойнаған. Демек, келе жатқан Грузия – Қазақстан ойынында бұрын Грузияға қарсы ойын өткізген төрт ойыншы болады. Олар Давид Лория, Самат Смақов, Мақсат Байжанов және Алексей Щеткин. Осы күнгі құрамада жүрген футболшыларымыз арасынан бұл төртеуінен өзге Грузияға қарсы ешкім ойнап көрмеген. Ал, кеше ғана Әзірбайжан қақпасына жеңісті голды соққан Мақсат Байжанов Грузияға қарсы матчта алаңға шығатын болса, ол оның ендігі үшінші ойыны болмақ.

Жолдастық кездесу
Қазақстан — Грузия - 1:0 (1:0)
Гол: Хижниченко, 17 (1:0)
Қазақстан: Сидельников (Мокин, 46), Мулдаров (Гурман, 46), Кислицын, Нұрдәулетов, Дмитренко, Жұмаcқалиев (М.Байжанов, 78), Богданов, Шомко (Юрин, 90), Хижниченко (Остапенко, 62), Коробкин, Щёткин (Энгель, 69).
Бас бапкер – М.Беранек (Чехия)
Грузия: Ревишвили, Григалава (Д.Квирквелия, 64), Кашия (Ш.Григалашвили, 82), Амисулашвили, Хизанишвили, Ананидзе (Э.Григалашвили, 46), Кобахидзе, Канкава, Таргамадзе (Гелашвили, 68), Окриашвили (Двалишвили, 46), Сирбиладзе.
Бас бапкер - Темури Кецбая
Төреші: Сергей Цинкевич (Беларусь).
14.08.2013. Астана, "Астана Арена".
Cөз соңында айтарымыз, Қазақстан мен Грузия құрамаларының арасында үш түрлі нәтиже тіркеліп шыққан. Бір ойынды Қазақстан жеңген, бір ойынды Грузия ұтты, тағы бір матч тең аяқталыпты. Енді, ертеңгі кездесу қалай боларын алаңдағы ойын көрсетеді. Біз үшін осы күні нәтиже емес, құрамамыздың қалыптасуы қымбаттырақ. Байсуфинов пен Мәзбаев тандемі Әзірбайжанға қарсы ойында өздерін жақсы қырынан көрсетті. Енді мақтаулы мамандарымыз, Грузиямен болар ойыннан кейін даттаулылар қатарына еніп кетпесін деп отырмыз. Бүкіл қазақстандық футбол жанкүйерлері қос маманға сенім артып отыр. Жаңадан келген Владимир Вайсс Қазақстан құрамасын бес саусақтай білетін маман. Бірақ, ол Грузия футболшыларын әзірге қалай ойната білу керектігін ұғынып үлгермеді-ау. Негізі, біз жеңісті талап етеміз. Себебі, Грузия секілді құраманы жеңбесек, біз Еуропада кімді ұта аламыз деген ойға шомыламыз.
Ермұхамед МӘУЛЕН
| № | Команда | И | М | О |
|---|---|---|---|---|
| 1 | Қайрат | 4 | 6-0 | 10 |
| 2 | Ордабасы | 4 | 7-3 | 8 |
| 3 | Елімай | 4 | 7-3 | 8 |
| 4 | Оқжетпес | 4 | 7-4 | 8 |
| 5 | Астана | 4 | 6-5 | 7 |
| 6 | Ертіс | 4 | 6-5 | 6 |
| 7 | Қызылжар | 4 | 4-4 | 5 |
| 8 | Ұлытау | 4 | 3-3 | 5 |
| 9 | Жетісу | 4 | 4-6 | 5 |
| 10 | Атырау | 4 | 2-2 | 4 |
| 11 | Ақтөбе | 4 | 6-7 | 4 |
| 12 | Жеңіс | 4 | 2-4 | 3 |
| 13 | Қайсар | 4 | 1-3 | 3 |
| 14 | Алтай | 4 | 1-3 | 2 |
| 15 | Каспий | 4 | 2-6 | 1 |
| 16 | Тобыл | 4 | 3-9 | 1 |