Әзірбайжанды ұтып, Грузиямен тең түскен құрама
Қақпада Давид Лория тұрды. Екінші таймда оны Владимир Плотников ауыстырды. Бапкерлер Стас Покатиловқа бәсекелес болатын екінші қақпашыны тексеріп көрмек болған секілді.

Қорғаныста Дмитрий Шомко, Сергей Малый, Юрий Логвиненко орындарын сақтап қалса, Елдос Ахметов орнына оң қапталға Абзал Бейсебеков ойнады. Бапкерлер екеуінің қайсысы мықты болса, соны қалдыруды жөн санау үшін екеуіне де мүмкіндік беруде. Әзірге “Ертіс” ойыншысы мықтырақ көрінеді. Сонымен қатар, Шомконың қапталында Ғафуржан Сүйімбаев пайда болды. Ол сәл шабуылға жақын ойнады. Екі бас бір қазанға сыймағандай әсер қалды. Бұл жерде бапкерлер Сүйімбаевқа да алаңнан орын тауып бергісі келгендей. Себебі, өткен матчта Ғафуржан өзін жақсы қырынан көрсетті. Ал, сол үшін Дмитрий Шомконы орнынан алып тастау қисынсыз еді. Ойын барысында екеуі де кішігірім қателіктер жасап тұрды. Соған қарағанда екеуінің бір мезетте алаңға шығуы қиындау, үйреншіксіз секілді болды.

Орталықтағы Мақсат Байжановтың орнына қорғанысқа көп көңіл бөлу үшін Исламбек Қуат шықты. Байсуфинов пен Мәзбаев Мақсатқа алғашқы ойыннан кейін еш босаңсымау керектігін ұқтырған секілді. Самат Смақовпен орталықта жұп құраған Қуат барынша тырысты. Команда капитаны бұл жолы Ұлттық құрама сапындағы 73 ойынын өткізіп, атақты Руслан Балтиевқа жетіп алды. Енді бір ойын ойнап, рекордты жаңартып, “СЭМ” құрамамен қош айтысу керек деп ойлаймыз. Бұл ойыншының жасындай жарқылдаған жылдары артта қалды. Тараздық қос жұлдыз Бауыржан Исламхан мен Ұлан Қонысбаев қосалқы құрамда қалды. Сонымен қатар, жартылай қорғаныста Серікжан Мұжықов пен Азат Нұрғалиев өнер көрсетті. Екі бойы қысқа жылдам ойыншылар алғашқы таймда өте ұшқыр қимылдады. Құрамамыздың соғылған голын да осы екі ойыншы ұйымдастырды. Серікжан берген тамаша пасты Азат бір ғана аяқтың қойысымен әдемі голға айналдырды. Бірақ, артынша ғана Сергей Малыйдың қателігінен кейін 2-3 рет пас алмасқан грузиндер жойқын соққымен есепті теңестірді.

Жалпы алғанда қорғанысымыз бұл ойында көп қателесті. Әсіресе, Сергей Малыйдың ойынына күдік туындады. Ұзын бойлы қорғаушы екінші таймда да қателесті. Салдарынан анық гол кіруі тиіс еді. Қайта Плотников дер кезінде қақпасынан шығып үлгерді.
Байсуфинов пен Мәзбаев бүкіл оқу-жаттығу жиынына шақырған ойыншылардың барлығын алаңда тексеріп көрді. Тек үш ойыншы ғана алаңға шықпады. Олар: Жақып Қожамберді, Мұхтар Мұхтаров, Ермек Қуантаев. Сондықтан да, нәтижеге аса қатты құнттап қараудың қажеті жоқ-ау. Дегенмен, Грузиямен болған ойында уақытты созып, тең нәтижеге қанағат жасау түбі болашақта жақсылыққа әкелмейтіні анық. Мұндай құрамаларды келесіде біз ұтуымыз қажет.

Шабуылда Щеткин шықты. Алексей әдеттегідей ауыр қимылдып, шапшаңдық көрсете алмады. Қауіпті шабуыл да ұйымдастыра алмады. Ол былай тұрсын, тіпті командалық ойынға бір пайдасы да тигені шамалы. Пайдалылық коэффициенті өте аз шабуылшы екінші таймда Сергей Хижниченкоға орнын босатып берді. Оның өзі де жарытқаны шамалы. Осы орайда туындайтын пікір – бізге шабуылшы керек. Әзірбайжан мен Грузияға қарсы өткен екі ойында осындай ойға келіп қалдық. Таңат Нөсербаев жарақатына байланысты құрамаға көмектесе алмады. Алайда, оның өзі де соңғы жылдары мергендігімен көзге түсіп жүгені шамалы.
Демек, құрамаға жедел түрде шабуылшы табу керек. Осы арада не істеу керек деген сұрақ туындайды. Қазақстан премьер-лигасында осы позицияда ойнайтын футболшылар жоқ. Яғни, Қазақстанның көк құжаты бар аяқдопшы тапшы. Қазақстан жастар құрамасынан ала қалайын десең, ол жақтың да жағдайын кеше Боснияға қарсы ойында көрдіңіздер. Абат Әйімбетов қана шабуыл шебінде өнер көрсететін. Оның өзі қазір жарақатта. Әлібек Бөлешевті құрамаға қайта шақыру ендігі кеш деп ойлаймыз. “Ақтөбеде” жүрген Тоқтар Жаңғылышбайға әлі көп тәжірибие керек. “Тараз” сапындағы Игорь Зенькович соңғы кезде бабында емес.

Демек, күзде басталатын Әлем чемпионатының іріктеу турнирі басталғанға дейін бұл мәселені шешу керек. Осы кезге дейін көптеген футболшыларға құжат беріп, құрамаға ойнаттық. Шабуылшы мәселесі осы күні Қазақстан футболында күн тәртібінде тұрған мәселе. Остапенко мен Гридин секілді шабуылшыларға көңіліміз толмаушы едік, осы күні соларға да жете алмай қалдық. Осы жақында ғана әріптесіміз Нұрғазы Сасаев Джордже Деспотовичті құрамаға шақырту керек деп ой көтеріпті. Кім біледі, бәлкім сербиялық шабуылшы құраманың шабуыл шебін күшейткісі келсе, ұсынысты қабыл алуы да ықтимал. Себебі, оның Сербия құрамасына шақырту алуы өте қиын жағдай.
Грузия — Қазақстан 1:1 (1:1)
Голдар: Нұрғалиев 35 (0:1), Окриашвили 38 (1:1)
Грузия: Ревишвили, Лобжанидзе, Кашия, Амисулашвили, Наваловски, Канкава, Абурджания, Казаишвили, Окриашвили, Ананидзу, Чантурия
Алмасып кіргендер: Квирквелия, Квилитая, Качарава, Кения, Квеквескири, Вацадзе
Қазақстан: Лория, Бейсебеков, Логвиненко, Щеткин, Нұрғалиев, Малый, Шомко, Қуат, Мұжықов, Смақов, Сүйімбаев
Алмасып кіргендер: Плотников, Хижниченко, Қонысбаев, Байжанов, Исламхан, Тағыберген
Бас төреші: Клейтон Писани (Мальта)
29 наурыз. Тбилиси. "Динамо-Арена".
Ермұхамед МӘУЛЕН
| № | Команда | И | М | О |
|---|---|---|---|---|
| 1 | Қайрат | 4 | 6-0 | 10 |
| 2 | Ордабасы | 4 | 7-3 | 8 |
| 3 | Елімай | 4 | 7-3 | 8 |
| 4 | Оқжетпес | 4 | 7-4 | 8 |
| 5 | Астана | 4 | 6-5 | 7 |
| 6 | Ертіс | 4 | 6-5 | 6 |
| 7 | Қызылжар | 4 | 4-4 | 5 |
| 8 | Ұлытау | 4 | 3-3 | 5 |
| 9 | Жетісу | 4 | 4-6 | 5 |
| 10 | Атырау | 4 | 2-2 | 4 |
| 11 | Ақтөбе | 4 | 6-7 | 4 |
| 12 | Жеңіс | 4 | 2-4 | 3 |
| 13 | Қайсар | 4 | 1-3 | 3 |
| 14 | Алтай | 4 | 1-3 | 2 |
| 15 | Каспий | 4 | 2-6 | 1 |
| 16 | Тобыл | 4 | 3-9 | 1 |