Самат жүзге жете ме?
Рекордты қайталауға бір доп қана қалды
Біріншісі – Нұрбол Жұмасқалиев биылғы маусымдағы тұңғыш голын, ал өзінің спорттық ғұмырындағы 181-голын соқты. Бұл – барлық ірі деңгейлі турнирлердегі нәтижесі (ел чемпионаты, ел кубогы, ұлттық құрама, еурокубоктар және шетел чемпионаттары мен кубоктары). Сөйтіп, дарабоз Нұрбол осы күнге дейінгі қазақ футболының бас мергені Олег Литвиненкоға мейлінше жакындады. Литвиненконың еншісіне 182 тура соққы тіркелген. Ол Қазақстан чемпионаттарында – 148, Қазақстан кубоктарында – 20, ұлттық құрамада – 6, Азия клубтық кубоктарында 8 гол авторы атанды. Нұрбол ел чемпионаттарында – 163 гол (талассыз рекорд), ел кубоктарында – 4, ұлттық құрамада – 7, еурокубоктарда 7 гол соқты. Енді екі рет мергендік танытса, «Намыстың» түлегі Нұрбол Жұмасқалиев қазақ футболының бас мергені атанады. 20 жыл бойы үзіліссіз ойнап келе жатқан Нұрбол Жәрдемұлы 2000 жылдан бері, яғни, 17 жылдан бері маусымды голсыз аяқтаған емес! Ендеше, Нұрбол қазақ футболының тәуелсіздік дәуіріндегі бас мергені атанса, оны ешбір жанкүйер олқы көрмейтініне сенеміз.
Дегенмен Жұмасқалиевпен бәсекелесіп келе жатқан Мұрат Тілешев те биыл тұғырдан түскен жоқ. Ол «Ақтөбе» сапына қайта оралды, соңғы турда ойын хаттамасына да тіркелді. Әбден мойындалған мергеннің еншісінде дәл қазір 179 гол бар. Ол да биыл кемі 3-4 гол соқса, мергендер көшінің басынан көрінуі мүмкін. Бірақ соңғы жылдары Мұраттың нәтижелілігі тым шабандап қалды.
Тамаша спорттық ғұмырының сәулесі болар еді
Екінші оқиға – «Ақтөбенің» және Қазақстан құрамасының капитаны Самат Сымақов «Жетісу» қақпасына гол енгізіп, өзінің жоғары деңгейлі 79-добын тіркеді.
Қазақ футболының тәуелсіздік дәуіріндегі тарихы ширек ғасырға жетсе, соның 20 жылында Саматтың қолтаңбасы бар. Ол ұзақ жылдар орталық қорғаушы ретінде негізінен қарсыластың шабуылын тұсауға жауапты болды. Сондықтан 79 гол да аса жаман көрсеткіш емес. Бірақ өзінің спорттық ғұмырында талай от пен суды көрген, ыстық пен суықты өткерген, сөйтіп, жаңа ғасырдың басындағы қазақ футболының айнасы іспетті болған Самат Кәбирұлы кемі 100 гол соққан мықтылар қатарында көрінсе де артық демес едік. Футбол статистикасын жүргізетін, жалпы аяқдоп өнерін жақсы көретін жандар жақсы біледі: барлық жоғары деңгейлі турнирлерде соққан голдарының санын 100-ге жеткізген футболшы ешқашан ұмытылмайды! Үлгі болады, оның нәтижесі жан-жақты сараланады, талданады. Қазір Саматтың жасы 37-ден асты. Ары кетсе, бір немесе екі жыл ойнауы мүмкін, ары қарай өзі армандайтын бапкерлік қызметке де ауысар. Бірақ Сымақовтай жарқын ойыншының кейінгі футбол жылнамаларында аты тек жауынгерлігімен, адалдығымен ғана емес, нәтижелілігімен аталса да керемет болар еді.
Ширек ғасыр ішінде қазақ футболында 100 голдан асыра соққан футболшылар саны 20-ға да жетпейді. Өз түлектерімізден Олег Литвиненко, Нұрбол Жұмасқалиев, Мұрат Тілешев, Нұркен Мазбаев, Андрей Мирошниченко, Андрей Финонченко, Виктор Зубарев, Әлібек Бөлешев, Максим Низовцев, Руслан Иманқұлов, Владимир Логинов, Владимир Нидергаус, Қайрат Әубәкіров, Александр Шатских, ал легионерлерден Ұлықбек Бақаев пен Нилтон Мендес қана. Қазір бұл межеге жақын тұрғандардан Қайрат Әшірбеков (81 гол) және Самат Сымақов (79 гол) қана бар. Әшірбеков «Ордабасының» негізгі құрамынан мүлде тыс жүр, тіпті ойнады деген күннің өзінде ол жыл сайын 2-3 гол соғу межесінен аса алмайды. Демек, Қайраттың ендігі 19 голын тіпті көрмеуіміз де мүмкін.
Ал Сымақовта мүмкіндік бар. Өйткені, ол «Ақтөбеде» барлық стандартты жағдайларды мойнына алады. Биыл «Таразға» – пенальтиден, «Жетісуға» айып соққысынан гол енгізді. Бірақ алдағы 2 жыл ішінде 21 гол соға алады деу қиындау...
Сондықтан Саматтың өзіне де өтініш айтсақ дейміз.
Самат, шабуылға жиі араласшы! 2007-2012 жылдар аралығында «Ақтөбеде» ойнағанда сенің алыстан тепкен доптарың қақпа төрінде жиі тулайтын. 2010 жылы ұлттық біріншілікте – 9, еурокубоктарда 3 гол соғып, бір маусымдағы дәл соққыларыңның санын 12-ге жеткізгеніңді ұмыта қойған жоқпыз. Орталық қорғаушы немесе артқы жартылай қорғаушы үшін бұл ғажап нәтиже! Биыл да шамамен осы көрсеткішті межелесең, 100 голға аз ғана қалар еді...
Самат Сымақовтай еліміздің футболдағы батыры 100 гол соққан сұрмергендер арасында тұруға әбден лайық. Солай болса екен, соған жетсе екен!
aikyn.kz
| № | Команда | И | М | О |
|---|---|---|---|---|
| 1 | Қайрат | 6 | 9-1 | 14 |
| 2 | Ордабасы | 6 | 10-5 | 12 |
| 3 | Елімай | 6 | 10-5 | 12 |
| 4 | Қызылжар | 6 | 9-4 | 11 |
| 5 | Оқжетпес | 6 | 10-7 | 11 |
| 6 | Ұлытау | 6 | 7-5 | 11 |
| 7 | Астана | 6 | 9-8 | 9 |
| 8 | Жетісу | 6 | 6-8 | 8 |
| 9 | Атырау | 6 | 4-3 | 7 |
| 10 | Ақтөбе | 6 | 7-8 | 7 |
| 11 | Ертіс | 6 | 8-9 | 6 |
| 12 | Жеңіс | 6 | 3-8 | 6 |
| 13 | Қайсар | 6 | 2-6 | 4 |
| 14 | Алтай | 6 | 3-6 | 3 |
| 15 | Тобыл | 6 | 5-12 | 2 |
| 16 | Каспий | 6 | 2-9 | 1 |