Алты қорғаушымен "Қайрат" алысқа шаба ала ма?
"Қайрат" бапкерлері Бруноны жайдан-жай команда тізімінен шығарып отырған жоқ. Бразилиялық қорғаушы "Ақжайыққа" қарсы өткізген ел біріншілігінің екінші турында ауыр жарақат алып (тізесі сынған), содан бері қатарға қосылған жоқ. Біздің қолда бар мәліметтер бойынша, Бруно биыл алаңға шыға алмайды екен. Сол үшін де Кахабер Цхададзе бұл ойыншыны тізімнен шығарды. Ал, оның орнына кеше клуб Герсон Асеведоны тіркеді.
Көптеген жанкүйерлер осы трансферлік үзіліс кезінде "Қайрат" қорғаушы алады деп болжаған. Өйткені, бүгінде клуб сапында таза тек алты ғана қорғаушы қалды. Олар – Лукаш Тесак, Тимур Рудосельский, Жарко Маркович, Ермек Қуантаев, Ян Вороговский және Ділшәт Мұсаев.
Бұл тізімдегі алғашқы төрттік қазір команданың негізші қорғаушылары. Ал, Вороговский осы уақытқа дейін екі ғана ойынға қатысса, Мұсаев әлі де бірде-бір кездесуге қатыспаған. Тіл көзіміз тасқа. Бірақ, алда-жалда ұжымның негізгі қорғаушыларының бірі жарақат алып қалатын болса, онда жағдай қиын болайын деп тұр.
Негізі клуб жартылай қорғаушы деп тіркеген Исламбек Қуат пен Станислав Лунин қорғаушы қызметін атқара алады. Дейтұрғанымен, бұл екі футболшы да орталық қорғаушы ретінде ойнамаған.
Рас, кейбір ойындарда бапкер Тимощукті орталық қорғаушы қызметіне қойып көрді. Ол өз нәтижесін бермегенін жанкүйерлер жақсы біледі. Жасы келіп қалған футболшының қимылы баяу. Сол үшін "Қайратқа" осы трансферлік ауысым кезінде міндетті түрде қорғаушы алу керек. Өйткені, қыр астында Еуропа лигасы келе жатыр. Ал, алты қорғаушымен «Қайрат» алысқа кете алмайды. Қазір командада жүрген қорғаушылар ел біріншілігі мен Еуропа лигасында қатар ойнай алмайтындай.
Тағы бір назар аударатын жайт, ҚКФЛ Премьер-лигада өнер көрсететін әрбір командаға сегіз шет елдік ойыншы (оның алтауы бір мезетте алаңға шыға алады) тіркеуге рұқсат берген. Қазір «Қайратта» Лукаш Тесак, Жарко Маркович, Анатолий Тимощук, Исаэль Барбоза, Андрей Аршавин, Жерар Гоу, Гаэль Тавамба және Герсон Асеведо секілді ойыншылармен легионерлерге арналған орындардың барлығы толып тұр. Енді клуб шет елдік футболшыны қоса алмайды. Сондықтан, енді клуб орталық қорғаушыны ел ішінен іздеуі керек.
Айтпақшы, жуырда біздің порталымыз "Қайраттың" Сергей Малыйға көз қырын салып жүргенін жазды. Бойшаң қорғаушының өте білікті екенін жақсы білеміз. Дәлел керек болса, "Ертістің" биылғы маусымда өз қақпасына жіберген голдарының санын қараңыз. Бұған қорғаушының сіңірген еңбегі көп. Егер, Малый расында Алматыға келетін болса, «Қайраттың» орталық қорғанысы нығая түстеніне ешқандай күмән жоқ. Сонымен қатар, алматылық клуб "Ордабасы" қорғаушысы Ғафуржан Сүйімбаевқа да көз қырын салып жүр.
Уалихан Қосанбай
| № | Команда | И | М | О |
|---|---|---|---|---|
| 1 | Қайрат | 5 | 7-1 | 11 |
| 2 | Елімай | 5 | 8-3 | 11 |
| 3 | Оқжетпес | 5 | 9-5 | 11 |
| 4 | Ордабасы | 5 | 8-4 | 9 |
| 5 | Қызылжар | 5 | 8-4 | 8 |
| 6 | Астана | 5 | 7-6 | 8 |
| 7 | Ұлытау | 5 | 5-4 | 8 |
| 8 | Атырау | 5 | 4-2 | 7 |
| 9 | Ақтөбе | 5 | 7-7 | 7 |
| 10 | Ертіс | 5 | 7-7 | 6 |
| 11 | Жетісу | 5 | 4-7 | 5 |
| 12 | Қайсар | 5 | 1-5 | 3 |
| 13 | Жеңіс | 5 | 2-8 | 3 |
| 14 | Алтай | 5 | 2-5 | 2 |
| 15 | Тобыл | 5 | 4-10 | 2 |
| 16 | Каспий | 5 | 2-7 | 1 |