Ұлттық құрамамыздың болашағы кімдер?
Ұлттық құрамамыздың азда болса күшейіп, тұрақты өнер көрсете бастауына ең алдымен футболшыларымыздың шеберлігі шыңдалғаны себеп болғаны сөзсіз. Бұрынғыдай ала-құла өнер көрсететін, орынсыз қателікке бой беріп, опық жегізетін кем талант ойыншыларды команда қатарынан кезіктіре алмайсыз. Ал, екінші бір себебі, ұлттық командамыздың ұлттық сипат ала бастағаны. Тәуелсіздік алғалы 25 жыл жыр еткен мәселе қазақ жанкүйерлерінің пайдасына шешіле бастады. Ең қуантарлығы құрама сапынан шекара асып келген келімсек футболшыларды көрмейтін болдық.
Бас командамыздың бәсекеге қабілеттілігін арттырған тағы бір маңызды себеп - команда сапындағы ойыншылардың шеберлігі ғана емес, жас шамалары да бір деңгейде. Шамалас, қарайлас. Өздеріңіз байқасаңыздар, команда капитаны Самат Смаков пен қақпашы Давид Лориядан басқа жігіттер түгелге жуық 1987-1992 жылдар аралығында дүниеге келгендер. “Бес жас бел құрдас” дейді қазақ. Демек, құрдастардың өзара түсіністігі құрамамыздың қуатын арттырғаны сөзсіз.

Бұл пәтуәні біз ойдан өндіріп отырған жоқпыз. Бұл жалпы әлем футболында бар үрдіс. Команда сапында тым қарт немесе тым жас ойыншылардан гөрі, жас шамалары деңгейлес мықтыларды ойнатқан әлдеқайда тиімді. Жас парқы әрі кетсе он жастан аспағаны әбзал.
Ал, енді өз сөзімізге оралар болсақ, бүгінде ел намысын қорғап жүрген футболшылармыз 23 бен 28 жас аралығындағы жігіттер. Бәрінің нағыз толысып, дер шағына жеткен сәті. “Бестімде бәйгеге қос, келмесем басымды кес” дегенді айтқан қазақ жігіттің жасы жиырма бесте екенін де меңзесе керек.
Осы жігіттер барда біздің команда көп белесті бағындыратынына сенімдіміз. Бірақ, бұлардың ізін басып өсіп келе жатқан болашақ бетке ұстарларымыз бар ма? Міне, осы сұрақ бізге қалам ұстатып, футболшыларымыздың жасын қаттап-шоттауымызға себеп болып отыр. Бес жылдың, бес жастың бір кезең екенін айттық. Ендеше, енді бес жылдан кейін осы ойыншылардың алды отызды орталаса, ең жастарының өзі орда бұзар жасқа жақындайды. Ал, сол кезде бұл жігіттердің ізін басқан інілері команда тізгінін қолдарына алып, ата жүгін арқалай ала ма? Бізде сол міндетті орындай алатын жас дарындар өсіп келе ме?
Біздің дәл бұлай ерте бастан ойлануымыз тегін емес. Өйткені, бес жылдан кейін көш бастауға лайық футболшы бүгінде көш соңында жүрмеуі керек. Анығы, болашақта жұлдыз болатын ойыншы осы күнгі танымал жастардан шығатыны сөзсіз. Өйткені, қазіргі құрама сапындағы саңлақтар өздерін бала бастан-ақ танытып үлгіргендер. Таңат Нөсербаев жастар құрамасының сапында ойран салып жүргенде он тоғыздан жаңа асса, Ұлан Қонысбаев жиырмадан аса бере-ақ аса танымал ойыншы болып саналды. Бұдан да керемет ретінде Бауыржан Исламханның он тоғыз жасында “Тараздың” капитаны міндетін атқарып, жиырмаға жаңа толғанда Ресей асқанын айтсақ болады.

Демек, он сегізінде оза шаппағандар жиырма бесінде бәйге алмайды. Ендеше, бүгінде бізде талантына тамсандырып, болашағынан сенім арттырған жастар бар ма? Қазақ футболының болашақ тағы бір толқыны болып табылатын келесі бес 1992-1997 жылдары туылған таланттар кімдер?
Бұл сұрақтың жауабын табу үшін міндетті түрде 21 жасқа дейінгі жастар құрама командамызға (U-21) көңіл аударарымыз сөзсіз. Алайда, ол жақта өсіп келе жатқан талантты жастарымыз көптігімен көз сүріндіреді дей алмаймыз. Бір қолдың саусағымен санарлықтай ғана, аз. Қазақстан намысын жастар арасында қорғап жүрген жігіттердің көбі ел біріншілігінде өз орындарын таба алмауда. Әсіресе, биыл жастарға жасалған жеңілдіктер (лимитчик) алынып тасталғалы, жас футболшылардың негізгі құрамда алаңға шығуы тіптен қиындап кетті. Осылайша, қазақ футболының болашағы болған жастар төменгі лига жағалап кетті немесе қосалқы құрамның қатарында өнер көрсетіп жүр. Нанбасаңыз дәл қазір біз 21 жастан аспаса да өз командасында жасындай жарқылдап, ертең ұлттық құраманың намысын қорғауға лайық екенін дәлелдеп жүрген футболшыларды санамалап берейік. Екеу, үшеу, әрі кетсе бесеу!
Дидар Жалмұқан "Ақтөбе" - жартылай қорғаушы

Жасы жиырмаға жаңа толған жас жігіт білдей бір команданың көшбасшысы, сұрмергені. Жоқ, ол “Ақтөбенің” биылғы дағдарысын пайдаланып негізгі құрамға іліккен емес. Батыстық ұжымның “басынан бағы таймай” тұрғанда-ақ өзін көрсетіп үлгірген. Былтыр 19 жасында 29 ойын өткізген болатын. Бәріміз білетіндей биыл команда дағдарысқа ұшырады, шетелден келген шеберлер ақша төлей алмайтын “Ақтөбеден” ат-тондарын ала қашты. Сондай сын сағатта суырылып алға шыққан аңыз Самат Смаковпен тізе қоса “ақ-қызылдардың” туын жықпау үшін талпынып жүрген осы - Дидар. Жай ғана жүрген жоқ, Смаков жоқта команданың капитаны, бес гол соққан сұрмергені. Бұл жігіт бес жылдан кейін емес, дәл қазірден бастап ұлттық құраманың жейдесін киюге лайық.
Еркебұлан Тұңғышбаев "Ордабасы" - жартылай қорғаушы

Оңтүстіктің оғыланы да өзін оң қырынан көрсетіп жүр. Былтыр 30 ойында алаңға шығып, жеті гол соққан болатын. Осы жылы да сол қарқынын жоғалта қойған жоқ. Биылғы ел біріншілігінде екі гол соқты. Бұған “Чукарички” қақпасына салған бір голын қосыңыз. Жүгіргенде қарқыны тез, допты меңгеруі мықты, ойыны тұрақты Тұңғышбаевтан да тәп-тәуір үміт күтуімізге әбден болады.
Тимур Рудосельский "Қайрат" - қорғаушы

“Қайраттың” қорғаушысы жас да болса мамандар тарапынан тым жақсы баға алып жүр. Қалтасы қалың “Қайрат” қанша жерден мықты ойыншы сатып алғанымен, осы бір өз түлегін ешкімнен кем көрмейтін секілді. Өткен жылы ел чемпионатында 29 ойында алаңға шыққан еді. Ал, биыл алматылықтардың қорғаныс шебі қаңырап бос қалмауына осы жас жігіттің еңбегі ересен. Бірақ соңғы айда жарақат алып, қазір емделуде.
Иван Антипов "Ақжайық" - жартылай қорғаушы

Жасы бар болғаны жиырмада. Бірақ, тұлғасы толысқан, ойыны тұрақты, әрекеті мығым. Басты қабілеті ойынды ұйымдастыруға бейім, гол соғудың да қыр-сырын басқалардан сұрай қоятын жігіт емес. Премьер-лиганың аутсайдер командасында жүргенімен, оның мүмкіндігін төмен мөлшерлеуге келмейді.
Берік Шаихов "Жетісу" - қорғаушы

Осыдан бірнеше жыл бұрын жас балаларды жинап, қазақ елінің үмітін арқалатып мұхит асырып жіберген едік. Бразилия жерінен доп тебуге қанығып қайтар деген үмітпен. Үш жылға жалғасқан жоба қазақ футболына тек Берік Шаиховты берді десек, қателеспеспіз. Футболдың отанына барды дегенмен, солардан Беріктен басқа ешқайсысы белді команданың қатарын толықтыра алмады. Шаихов 20 жасында “Жетісу” сапында 24 кездесуде алаңға шыққанда-ақ қол шапалақтаған болатынбыз. Сол жылдың өзінде ол гол да соқты, пас да берді. Осыдан кейін “Ертіске” шақыртылды, тіпті, одан да асып елорданың “Астанасына” қосылды. Бірақ, “Астананың” намысын кубоктық кездесулерде қорғағаны болмаса, көбінде қосалқы құрамда қалып қойды. Бір орында тоқтап тұруды қаламайтын бозбала “алтын шыққан жерді белден қазу” үшін жақында “Жетісуға” қайта оралды. 19 жасқа дейінгі, 21 жасқа дейінгі құрамаларда өнер көрсеткен, капитан да болған.
Әлішер Сүлей "Тараз" - жартылай қорғаушы

Бұлардан бөлек жартылай қорғаушы Әлішер Сүлейді де ерекше атап айтқымыз келеді. Осы күнге дейін “Тобыл”, “Ертіс”, “Тараз” командаларының сапында доп тепті. Оған тіпті Украинаның “Днепр” командасы да көз тігіп көрген болатын. Қимылы жылдам, шеберлігі басым. Бас командамыздағы басты олқылық шабуыл өтіне өте керек ойыншы.
Алтынбек Сапаров "Атырау" - жартылай қорғаушы

“Атырау” сапында Алтынбек Сапаров деген жігіт алаңға жиі шығып жүр. Тіпті, “Астана” қақпасына гол соғып, елордалықтарды биылғы бірінші жеңілісіне ұшыратқаны да бар.
Жоғарыда аталған футболшылардан бөлек, қысқаша бірнеше жас футболшыларға тоқталып кетуге болады. Олар: Саят Жұмағали "Ақтөбе", Абзал Таубай "Тараз", Ян Вороговский "Қайрат", Антон Куксин "Оқжетпес", Мади Жақыпбаев "Астана", Біржан Күлбеков "Астана", Григорий Сартаков "Иртыш", Айбар Нұрыбеков "Шахтер", Руслан Валиуллин "Ақжайық", Мұхамбет Тамабай "Ақтөбе", Бағдат Қаиров "Ақтөбе", Ақжол Кәкімов "Ақтөбе", Абылайхан Дүйсен "Астана", Азамат Жомартов "Атырау", Алексей Маров "Атырау", Максим Федин "Атырау", Темірлан Әділханов "Жетісу", Илья Калинин "Жетісу", Владимир Воменко "Иртыш", Владимир Грошев "Қайрат", Дәурен Қайқыбасов "Ордабасы", Данияр Баялиев "Тараз", Мадияр Нұралы "Тараз", Рафкат Аслан "Тобол", Сергей Ветров "Шахтер", Оралхан Өміртаев "Шахтер".
Ұлттық құраманың қатарына қосылып, елдің намысын қорғауы мүмкін келесі толқын өкілдері осылар. Әрине, осы аталғандар сөзсіз ұлттық құрамада ойнайды немесе бұлардан басқалар бас командаға шақыртылмайды деуден аулақпыз. Бірақ, болар баланы бес жасынан танитын қазақ сәбидің еңбектегеніне қарап ертеңгі бағындырар биігін мөлшерлеуді артық көрмеген. Біздің де мақсат қазақ елінің намысын жасыл алаңда жықпайтын жігіттерді осы бастан назарда ұстай отыру. Ендігі тілеріміз осы аталған футболшылардың бүгінгі шеберліктерін жоғалтпай, биікке талпына беруі.
Болмаса біздің елде жанбай жатып сөнген жұлдыздарда жоқ емес. Қазақ футболының болашағы деп күтілген футболшылардың кейбірі сол деңгейден өспей, қалып кетті. Сол футболшылардың тізімін айта кетсек: Жамбыл Көкеев "Қайрат", Бауыржан Байтана "Тараз", Тоқтар Жаңғылышбай "Жетісу", Қуаныш Бегалин "Ақжайық", Абат Айымбетов "Ақтөбе", Виталий Ли "Иртыш".
Қуаныш ҚАППАС
| № | Команда | И | М | О |
|---|---|---|---|---|
| 1 | Қайрат | 4 | 6-0 | 10 |
| 2 | Ордабасы | 4 | 7-3 | 8 |
| 3 | Елімай | 4 | 7-3 | 8 |
| 4 | Оқжетпес | 4 | 7-4 | 8 |
| 5 | Астана | 4 | 6-5 | 7 |
| 6 | Ертіс | 4 | 6-5 | 6 |
| 7 | Қызылжар | 4 | 4-4 | 5 |
| 8 | Ұлытау | 4 | 3-3 | 5 |
| 9 | Жетісу | 4 | 4-6 | 5 |
| 10 | Атырау | 4 | 2-2 | 4 |
| 11 | Ақтөбе | 4 | 6-7 | 4 |
| 12 | Жеңіс | 4 | 2-4 | 3 |
| 13 | Қайсар | 4 | 1-3 | 3 |
| 14 | Алтай | 4 | 1-3 | 2 |
| 15 | Каспий | 4 | 2-6 | 1 |
| 16 | Тобыл | 4 | 3-9 | 1 |