Бар күшті Румындарға көрсетуіміз керек
Матчқа бір сағат уақыт қалғанда ойыншылар құрамы белгілі болды. Қазақстан құрамасының ойыншылар тізімін көріп секем алдық. Қақпада Стас Покатилов, үш орталық қорғаушы, қапталда екеуі. Дмитрий Шомко мен Абзал Бейсебеков. Олардың орны 100 пайыз белгілі болатын. Бірақ, Александр Кислицын, Сергей Малый, Юрий Логвиненколардың қаз қатар тізілісі қиындау еді. Әсіресе, "Оқжетпестен" қуылып кеткен Кислицын. Ойын тәжірибиесі жоқ қорғаушы алғашқы минуттан орталық қорғаушы қызметінде. Елдос Ахметовтың сары қағазға байланысты алаңға шыға алмағандығының кесірі. Ортада әдетте көріп үйреніп қалған Мақсат Байжанов пен Самат Смақов жоқ. Бұл енді нағыз қызықты жағдай болды. Бір күн бұрын бапкер де, ойыншылар да жақ ашпай жүрген еді. Мұның сыры неде екенін ұқпадық? Мүмкін екеуін Румынияға алып қалып отырған шығар. Олардың орнына Исламбек Қуат пен Альмир Мухутдинов шықты. Альмир тіпті құрамаға соңғы кездері алынбай жүрген еді. Азат Нұрғалиев пен Бауыржан Исламхан қос қапталда вингер. Ал, Сергей Хижниченко шабуыл өтінде.
Ойынның алғашқы он минутында қатты қысылдық. 11–ші минутта Исламбек Қуат қақпаға өте биік соққы жасады. 14-ші минутта алаң иелері пенальти сұрағандай айып алаңында құлай салды. Бірақ төреші ештеңе болмады деп қолын қайшылап көрсетті. Томашевичтің соққысы сәл қиыс кетті.

Алғашқы таймда Альмир Мухутдинов көп қателесті. Құрамада күнде ойнап жүрмегеннен кейін оның тәжірибиесіздігі байқалып тұрды. Сонымен бірге, алғашқы таймда Азат Нұрғалиев алты рет доптан айырылды. Алғашқы таймда одан өзге іліп алар ештеңе бола қоймады.
Екінші тайм басында Сергей Хижниченконың солғын соққысын көріп, құрамамыздың гол соғуы өте қиын екенін сездік. 56-шы минутта айып добын орындаған Дмитрий Шомко ойындағы алғашқы бұрыштаманы әкелді. Бауыржан Исламхан көтерген допқа Юрий Логвиненконың басы сәл ғана жетпеді. Ал, 58-минутта бір қателікті екінші мәрте жібердік. Айып добынан көтерілген пасты Томаш Вукчевич қақпаға баспен дәл бағыттады. Есеп 2:0.
Ашуға булыққан Талғат Байсуфинов бірден қосалқы құрамның ойыншыларын шақыртты. Капитан Бауыржан Исламханның орнына Серікжан Мужиков шықты. «Астана» командасының ойыншысы алаңға шыға салғаны сол еді, қақпамызға 3-ші гол кірді. Қорғаныстың толықтай абдырап қалған сәтінде Стефан Йоветич әбжілдік танытты.

Одан әрі біз оң қапталдағы Абзал Бейсебековтың қате пастардан тұратын сериясын тамашаладық. «Астана» командасында жүргенде Дмитрий Шомко екеуінің қапталдан жасайтын шабуылдары болушы еді. Соны мүлде көрмедік. Қос қапталдан да. Қайта сол қос қапталдан голдар еніп жатты. 73-ші минутта Фатос Бечирай бос қақпаға гол соққан кезде тіпті үнжұрғамыз түсті.
Бапкер тағы да ойыншы алмастырды. Исламбек Қуаттың орнына Асхат Тағыберген кірді. Соның алдында ғана Исламбектің бір жерде доптан айырылып, қолын бір сілтеген сәтін көргенбіз. Таблодағы есеп ойыншыларымызға қатты әсер еткенін байқадық. Сол алаңға енген Асхаттың гол соғатын тамаша мүмкіндігі болды. 82-ші минутта қапталдан келген пасты тоқтатпай тепкен Тағыберген тоғыздықтан сәл ғана қиыс кетті. Осындай бірлі-жарым мүмкіндік болғанымен, голға айналдыра алмадық. Қорытынды есеп 5:0.
Матчтан кейін бас бапкерде де, футболшыларда да, Қазақстаннан ат терлетіп келген журналистерде де көңіл-күй мүлде болмады. Бұл жолы ауыр жеңілісті арқалап қайтарымыз анық. Румыниямен болатын ойынға сеніммен қараймыз. Жігіттер, намысқа тырысып, осы жеңілістің артын жуып шайатын шығар деп ойлаймыз...
Ермұхамед МӘУЛЕН
Подгорица, Черногория
| № | Команда | И | М | О |
|---|---|---|---|---|
| 1 | Қайрат | 4 | 6-0 | 10 |
| 2 | Ордабасы | 4 | 7-3 | 8 |
| 3 | Елімай | 4 | 7-3 | 8 |
| 4 | Оқжетпес | 4 | 7-4 | 8 |
| 5 | Астана | 4 | 6-5 | 7 |
| 6 | Ертіс | 4 | 6-5 | 6 |
| 7 | Қызылжар | 4 | 4-4 | 5 |
| 8 | Ұлытау | 4 | 3-3 | 5 |
| 9 | Жетісу | 4 | 4-6 | 5 |
| 10 | Атырау | 4 | 2-2 | 4 |
| 11 | Ақтөбе | 4 | 6-7 | 4 |
| 12 | Жеңіс | 4 | 2-4 | 3 |
| 13 | Қайсар | 4 | 1-3 | 3 |
| 14 | Алтай | 4 | 1-3 | 2 |
| 15 | Каспий | 4 | 2-6 | 1 |
| 16 | Тобыл | 4 | 3-9 | 1 |