Біздікі қай құрама?
«Е» тобына түскендердің азулысы – Польша. Адам Навалка таңдаған тарландардың талайы әлем футболында ойып тұрып орын алатындар. Тамсану үшін емес, дерек ретінде алға тартамыз. Әйтпесе Роберт Левандовски секілді серкелерді түстеу міндетімізге кірмейді. Енді сол Польша үш турды қалай өткізді? «Астана-Аренада» Қазақстанмен ұпай бөлісті. Екінші турда Данияны ұтты. Үшінші турда өз алаңында Арменияны қабылдап, шешуші голды қосымша уақытта соққан. Қорытынды есеп 2:1. Армения оның алдында Румыниядан ойсырай ұтылды. Өз жерінде. Бес гол жіберіп. Румыния ше? Іріктеуді Черногориямен бастап, ұпай бөлісті. Тіпті ұтылу қаупі басым еді. Алайда, таулы аймақтан келген қонақтар пенальтиді қисық тепті. Кристоф Даум жаттықтыратын команда Арарат тауының етегінде Арменияны ірі есеппен жеңгенін білеміз. Сосын Қазақстанға келді. Матч алдындағы баспасөз мәслихаты кезінде Александру Кипчу де, Кристоф Даум да әлгі бес-бес голдың есебінен әңгіме өрбітті. Қазақстан Подгорицада бес гол жіберіп еді ғой. Румын тілшілері «Астана-Аренадағы» ойында да жергілікті қақпашы доп жіберуден жалығатын шығар деп топшылаған. Алайда кездесу өзгеше өрбіді.
Сәл шегініс. Подгорица жорығынан кейін біздің ойыншылардың жон арқасына қамшы сілтеуге дайын тұрғандар қатары артты. «Ай мен күннің аманында қақпасына бес гол соқтыратыны несі ей» - деп атып тұрғандар да жетіп, артылды. Бас бапкерге қарша бораған сауалдар... Қайтарылған жауап та көпшілік көңілінен шықпады. Кілең реніш. Өте қолайсыз нәтиже еді, оған келісеміз. Ал, енді әлгі атып тұрғандардың артық кетіп жатқан тұстарын да анық сездік.

Біріншіден, бізге қандай құрама қажет еді? Шет елден маман алдырып, соның атақ-даңқына сүйсінетін футбол ма? Немесе Қазақстанға әйтеуір бір қатысы бар ойыншыларды теріп алып, жүрегі де, тілегі де екі тарапқа ағылатындардың ортақ тобын іздейміз бе? Түрі ұқсағанымен, тілі бөлек команда ма? Біздіңше әркімнің қалауы әртүрлі. Мысалы, бізге дәл осы құрама ұнайды. Өйткені кілең өзіміз. Сөзге сараң, іске сараң Дмитрий Шомкомыз бар. Ой құшағында жүретін Серікжан Мужыков, екі сөзге келмей ашулана салатын Абзал Бейсебеков, ашылып сөйлейтін Самат Отарбаев, қайрасаң, өткірлене беретін Елдос Ахметов. Жігіттердің бәрі де жарап тұр. Асықпай қимылдайтын, алайда жасыл алаңда жұмысын адал атқаратын Сергей Хижниченко... Ойыншылардың бәрін де тізер едік, оның қажеті шамалы секілді. Қорыта айтқанда Талғат Маруанұлының тізіміне енген футболшының бәрі де көңілден шығады, өзіндік артықшылықтарымен де, өзіндік кемшіліктерімен де. Қысқасы, қажет құраманы танып тұрмыз.
Рас, кемшілігі жетіп-артылатын құрама команда. Деңгей деген болады, өре деген де бар. Бұл ұғымдарды талдауға құлық аз. Қазіргі құраманың деңгейіне, деңгей дегенде ойын деңгейіне келсек, әрине ол «Е» тобындағы талайынан төмен. Бірақ намысқа суарылған, жігері жанылған жігіттер. Өре дегенде тағы сол футболшылық өрені қаперде ұстайық. Допты жусатып, өргізуде шикілік көп. Баптағы кемшіліктер көзге ұрады. Алайда шеберлік жетіспей қалған шақта өрлікке кезек береді. Бұдан мықты құрама жасақтау мүмкін бе? Күмән көп. Тағы сол Рохер Каньясқа күнді қаратып, Патрик Твумасиге жалынбасақ... Немесе дүниенің төрт бұрышына жайылған баяғы отандастар ұрпағына іздеу салмасақ. Ол бізде өткен жол. Пайдасы да шамалы. Ал, мынау қолтума ойыншылар. Зекуге болады, ұрса аласың, жерден алып, жерге салсаң да жанарымен жер шұқып тұра беретіні бар, едірейе көзіңе қарайтындары да кездеседі, сөзіңді ұқпай тоқымын бауырына алып, тулайтындары да бар. Бірақ бөтен емес. Өз балаң, бауырың, отандасың.

Румыниямен өткен ойын алдында мынадай оқиға орын алды. Арқада күн суыған кез ғой. Қос құраманың жетегіндегі балалар жаурап бара жатты. Екі елдің әнұраны орындалар шақта Қазақстан Ұлттық құрамасының капитаны Самат Смаков киіп шыққан күртешесін жетегіндегі баланың арқасына жапты. Жанарға жас толды, саусақпен сылып алып тастадық. Талайлар Саматтың бастамасын қолдап үлгеріпті. Стас үлгере алмай жатыр. Қолғаптан күртеше жеңі оңай босай ма. Дегенмен, әнұран басталғанша алдындағы балаға кигізді. Жүрек жылиды. Әлгі әрекеттеріне. Демек, інілерін арқалай алатын ағалар шықты алаңға. Спорттың талабына келсек соншалықты сауатты шешім емес. Жаттығудан кейін дене бусанып тұрды. Екі елдің әнұраны шырқалғанша тоңазып та қалады ғой. Бұлшық ет сыр беруі де мүмкін. Бірақ Саматқа, оның командалас достарына ол ой жат еді. Інілер тоңбасын, ұстаным солай болды. Мұндай команданың алаңда аянып қалуы мүмкін бе. Жоқ! Еуропа жарысында ел намысы үшін жан алысып, жан берісті.
Румыния мықты команда. Жеті атасынан бері доп қуады, әлем біріншіліктері мен Еуропадағы құрлық додасына үнемі қатысады. Қалпақпен ұру қайда, қақпаны доптан аман ұстап тұрса да үлкен жетістік. Мұнда футбол әлдеқашан дамыған ғой. Жұрты осы ойынды жақсы көреді. Стадионында лық толған көрермен. Тіпті төменгі лига матчтарында да. Шетінен жанкүйер, жанкүйер болғанда да толыққанды жанкүйер. Жасау-жабдығы толық. Ысқыратын, ұратын құрал-саймандары сайланған. Қиқуға құмар, тоқсан минут жағы сенбейтін шөгел жанкүйерлер шетінен. Мектептері әлемге әйгілі. Бір ғана Георге Хаджи беделі дүние жүзіне мәлім. Богдан Стеля, Георге Попеску, Дан Петреску, Мариуш Лекэтуш... тізсек кете береді. Мирча Луческу секілді бапкерлер шоғырын да талай мақалаға арқау ете аласың, мұндай елмен терезесі тең футбол ойнау мүмкін бе? Мүмкін екен. Егер намыс құнын білсең, ебіл-себіл жүгірсең, футбол ғылымына үңілсең. Рас, атой салған жоқпыз. Қарсыластың апшысын қуырдық деп те айта алмаймыз. Бірақ тең түстік, ұпай ұстандық. Ұпай болғанда да топ үздіктерінің бірінен тартып алдық.

Шыны керек, әлгі ұпай әуелі Румынияға тиесілі еді. Даум да, оның шәкірттері сол үш ұпайды алуға келген. Және шашау шығару ойларында да болмаған. Бірақ Талғат Маруанұлының тапсырмасына тыңғылықты қараған Қазақстан футболшылары ұтылған жоқ. Жеңілуге болмайтын сәтте мінез көрсетті. Елдос қалай ойнады! Самат та! Қақпашы Стас! Хижниченко күресті. Доп үшін. Алаңдағы орын үшін. Қарсыластарының шабуылдауына тосқауыл болды, кедергі келтірді. Мақсат та, Исламбек те, Серікжан да. Абзал мен Дмитрийдің, Сергей мен Юрийдің, әлгі Елдостың тікелей жұмысы ғой ол. Екінші таймда Абзал шабуылды ширатты. Румындардың қорғанысын бұзып, жармақщы еді. Гол соғатын сәтті іздеді, ұрымтал пас жеткізу тұсын табуға тырысты. Салы суға кеткен ешкім жоқ. Сылбыр ойнағандарды да кезіктіре алмадық. Бәрі дағы жарады. Жарап тұрды, жігіттер. Ал, әлгі Подгорица қаласындағы стадионда ше?
Тіл таңдайға жабысатын кез ол. Жауап табылмайтын. Білеміз, білетін едік, кілтипанның қайда жатқанын. Айтуға дайынбыз. Тек әуелі пісіріп алайық. Мін де көп, мұң да жетеді, отандық футболда. Жанкүйері аз елдегі футбол өресі қандай болуы мүмкін? Бапкерді тапқан секілдіміз. Ол – Талғат Байсуфинов. Енді оның өзін шыңдау керек, шарықта ұстайық, қайрайық. Ел болып тәрбиелейік, сосын Талғат Маруанұлы шәкірттерін шыңдайды. Оған шүбә келтірмейміз.

«Е» тобындағы ахуалды айтамыз дедік қой. Монтонегроның дәуірі жүріп тұр. Үш турдан бері. Өткенде бас бапкер Любиша Тумбаковичпен тілдесуге мүмкіндік алдық. Сауал бізден болды. «Бас бапкер мырза, мынаны айтқым келеді. Бірінші турда Сіздер Румынияны жеңе жаздадыңыздар. Енді, біздің қақпаға бірнеше гол соқтыңыздар. Бұл өзі арманын белгілеп, соған беттеп келе жатқан команда ғой, ертең Данияға да оңай болмайды. Шыныңызды айтыңызшы, әлем біріншілігіне қатысуға мүмкіндік мол деп ойламайсыз ба?». Жауап: «Рақмет, жылы сөз айтып жатырсыз. Бірақ соны аздап суытып алғым келеді. Өз жүрегімде. Менің де арманым асқақ. Ешкімнен қорықпайтын, жеңісті жатырқамайтын, керек десеңіз жұлып алатын команда жасақтағым келеді. Баратын жолды білемін. Маңымдағы ойыншылар да соны сезетін секілді. Мүмкін осы іріктеу турнирінде. Әй, бірақ сәл ерте секілді. Көреміз. Бүгінгі бес голға бөсіп кетпейін.».
«Екінші сауалым бар. Стефан Йоветич жайында. Ол реттеуші екен, бәрін де реттеп жүрді. Ойынды өрбітті, шабуылға қан жүгіртті. Қорғаушыға айқайлады. Жанкүйерлермен де алаңда жүріп сөйлесе береді екен. Ойыншы ауысқан сәтте де жиекке келіп, біріншісін шығарып салып, келесісін қарсы алып дегендей үнемі жұмыста жүреді екен. Мұндай көмекші әркімге қажет. Көмекші ғой ол Сізге, ия?». Жауап: «Өзің де біліп алыпсың ғой. Алып-қосарым аз. Жауап күтіп отырсың ғой. Айтайын. Мен онымен мақтанамын. Көмекшім. Сенімді көмекшім. Біздер әлі талай биікке бірге шығамыз деп ойлаймын. Үміттенемін».

Үміттің болатыны қандай жақсы. Сол үміт бізде де бар. Талғат Байсуфиновтен үміттіміз. Үлкен бапкер болады деп. «Е» тобында анық жүйрік әлі әйгіленген жоқ. Құйрық тістесіп келеді. Бауырын жазып шабатын шақ әлі алда. Біздікі қай құрама, келесі әңгіме сол төңіректе...
Амангелді СЕЙІТХАН
| № | Команда | И | М | О |
|---|---|---|---|---|
| 1 | Қайрат | 4 | 6-0 | 10 |
| 2 | Ордабасы | 4 | 7-3 | 8 |
| 3 | Елімай | 4 | 7-3 | 8 |
| 4 | Оқжетпес | 4 | 7-4 | 8 |
| 5 | Астана | 4 | 6-5 | 7 |
| 6 | Ертіс | 4 | 6-5 | 6 |
| 7 | Қызылжар | 4 | 4-4 | 5 |
| 8 | Ұлытау | 4 | 3-3 | 5 |
| 9 | Жетісу | 4 | 4-6 | 5 |
| 10 | Атырау | 4 | 2-2 | 4 |
| 11 | Ақтөбе | 4 | 6-7 | 4 |
| 12 | Жеңіс | 4 | 2-4 | 3 |
| 13 | Қайсар | 4 | 1-3 | 3 |
| 14 | Алтай | 4 | 1-3 | 2 |
| 15 | Каспий | 4 | 2-6 | 1 |
| 16 | Тобыл | 4 | 3-9 | 1 |