Ұлтсыздану ұраны
Әрине, қаншама жылдар бойы Ұлттық құрамамыз Халықтар Ассамблеясы болып келді. Алаңға екі қазақ шықты деп ішімізден сыр бермей қуанып та жүрген кездер болды. Алайда, уақыт өтті. Қазақ тіліне деген құрмет ел ішінде арта түсті. Әкім-қаралар, депутаттар қазақша сөйлей бастады. Ұлттық арнамыз тек қазақ тілінде хабар тарататын кезге де жеттік. Әрине, Елбасының жарлығының арқасында. Ал, футболға келгенде сол ұлттық құндылықтар аяққа тапталған күйі, тапталып келе берді. Айтылып, жазылғанымен құлақ асар ешкім табылмады. Қазақ футболы әзірге орыс тілді. Бұл нақты дерек. Кез-келген баспасөз мәслихаты орыс тілінде өтеді. Қазақ журналистері орысша сұрақ қойып, орысша жауап алады. Бірақ, қазақша аударып жазады. Ауылдағы ағайын, қаладағы қазақ тілді оқырман оқысын деп. Осы жағдайды ойлаған адам бар ма? Қазақ тілді журналистер екі есе жұмыс жасайтынын бір адам ескерді ме? Өз елінде жүріп ақпаратты алдымен орыс тілінде алып, оны оқырманына аударып беріп жүр. Бұл барып тұрған жанкештілік. Өз ісіне деген махаббат. Футболға деген патриотизм. Алайда, Қазақстан Футбол Федерациясы ешқашан қазақ тілінің мәртебесін көтерген де емес.
Өйткені, өздері қазақша сөйлей алмайды! Осы кезге дейін еліміздегі түрлі арналар аракідік футбол туралы мәселе көтеріп бағдарлама жасады. Ұлттық арнадағы “Алаң”, “Айтуға оңай”, “Таңшолпан”, “Хабар” арнасындағы “Жекпе-жек”, “Көзқарас” секілді бағдарламалар футбол мәселесін көтеріп, көпшілік көрерменнің сұранысын орындағысы келді. Алайда осы бағдарламаларға Қазақстан Футбол Федерациясының атынан ешкім келмейді. Себебі, қазақша сөйлеп, абыройды шашудан қорқады. Түрлі себеп айтып, қашқақтайды. Алматыда бапкерлер даярлайтын техникалық дирекцияның басшысы Қайрат Адамбеков осы күні көптеген бағдарламаларға түсіп, “жұлдыз” болып кетті. Ауылдағы көп ағайын қазақ футболын Қайрат Адамбеков басқарады деп ойлауы да мүмкін. Ұлттық құрама ойнаған кезде үзілісте де сұқбат беретін сол кісі. Мысалға, осы жақында “Хабар” арнасы ұйымдастырған “Жекпе-жек” бағдарламасына Футбол Федерациясынан ешкім келмеді. Сонда қонақ болып келген Несіп Жүнісбайұлы ағамыз “Малдың иесінің өзі жоқ қой” - деп қойып қалды. Шынымен де, ел футбол жайлы ойды өзімізге өзіміз айтып, дамытудың түрлі себептерін айтып жанымыз ашыды. Бірақ, оны тыңдауға тірі жан келмеді. Егер сол бағдарлама КТК арнасында орысша жүріп, оны Ренат Кертаев емес Артур Платонов жүргізсе, Федерация тарапынан төрт адам келіп дебат жасаушы еді. Бұл демек нені білдіреді? Қазақстан футболында орыс тілінің басымдылығы өте жоғары дегенді білдіреді. Қазақ тілді журналистер баспасөз мәслихатына бармайды емес, барады. Мақаланы, да сараптаманы да жазбайды емес, жазады. Ел футболы жайлы қазақ тілінде еліміздің көптеген арналары ақпарат таратуын, таратады. Бірақ, федерация қазақ тілінде әлі де болса сөйлемейді. Бұл ешқандай саясаттың жоқтығы. Футбол Федерациясында идеология жоқтың қасы.
Соңғы санақ бойынша Қазақстанның 70 пайызы мемлекет құраушы ұлт өкілдері болып шықты. Яғни қазақтар. Демек, Ұлттық құраманың жанкүйерлерінің саны 70 пайыз, трибунада отырған көрерменнің 70 пайызы қазақ. Онда біздің Федерация неге орыс тілінде сөйлеуі тиіс?
Соңғы Ұлттық құраманың ойыншылар тізімін көрдіңіздер ме? Онда да құраманың 70 пайызы қазақ ұлтты футболшылардан құралған. Олар жақын арада Түркия және Грузия жерінде жолдастық кездесулер өткізеді. Ал, сол жаққа Қазақстан Футбол Федерациясы бір топ журналистерді алып бармақ. Ол әдеттегідей орыс тілді “vesti.kz”, “sportinfo.kz”, “prosportkz.kz” секілді редакциялардың орыс тілді журналистері. Яғни, Әзірбайжан мен Грузияға қарсы ойыннан біз ешқандай да қазақ тілінде ақпарат алмаймыз. Қазақстанда отырған қазақ тілді журналистер орысша жазылған ақпаратты аударып назарларыңызға ұсынады. Одан кейін қазақ журналистері көшіріп жазғыш деген сын айтылады. Неге Футбол Федерациясы ең болмаса бір қазақ тілді журналист ала кетпеді. Бауыржан Исламхан мен Таңат Нөсербаевтардан сұқбат алуға шамасы жетер еді ғой.
“Айқын” газетінен Есей Жеңісұлы, “Егемен Қазақстаннан” Дастан Кенжалин, “Қазақ спорты” газетінен Төлеубек Қадырмолла, “Хабар” агенттігінен Амангелді Сейітхан, “Вaq.kz” интернет порталынан Бек Төлеуов, екі тілде ақпарат тарататын, тек қазақ футболы жайлы ғана ақпарат тарататын «KazFootball.kz» порталынан Уалихан Қосанбай секілді журналистерді алып барса, футболшылардың жігері оянып, қазақ тілді журналистер қойған сұрақтан намыстары оянар еді ғой. Орысша жазылған сараптаманы қазақ тілді журналистер де жаза алар еді ғой. Орыс тілінің аудиториясы көп деген уәж айтуыңыз мүмкін. Бұл барып тұрған көзбояушылық. Қазақ тілді аудитория баршылық. Қазақ тілді журналистер де құраманың ойындарына баратын болса, олардың да жазғанын көп аудитория оқиды емес пе?
Шығар қорытынды, айтар тілегіміз өздеріңіз қазақша сөйлемесеңіздер де, ең болмаса қазақ тілді журналистерді Ұлттық құрама ойындарынан қалдырмасаңыздар. Бізбен бірдей тәуелсіздік алған Әзірбайжан мемлекетіндегі Футбол Федерациясының сайтына кіріп көріңіздерші. Онда орыс тілі деген батырма мүлде жоқ. Әзірбайжан және ағылшын тілінде ақпарат береді. Әзірбайжанның да 30 пайызы өзге ұлт өкілдері. Бірақ, 70 пайыз әзірбайжан өзге тілде ақпарат алмайды ғой.
Қазақстан мемлекеті, қазақ ұлты тірі тұрғанда оның тілі ешқашан өлмейді. Тілі өлсе, ұлты да өлді деген сөз. Қазақ тілінен бұл Ұлы далада ешкім де қашып кете алмайды. Айналып келеріміз анық. Өз-өзімізді алдамайықшы, ағайын.
Ермұхамед МӘУЛЕН
№ | Команда | И | М | О |
---|---|---|---|---|
1 | Қайрат | 24 | 39-21 | 47 |
2 | Астана | 24 | 39-19 | 46 |
3 | Ақтөбе | 24 | 39-26 | 43 |
4 | Ордабасы | 24 | 36-24 | 42 |
5 | Тобыл | 24 | 33-23 | 39 |
6 | Елімай | 24 | 35-32 | 37 |
7 | Атырау | 24 | 28-20 | 35 |
8 | Қайсар | 24 | 28-29 | 34 |
9 | Қызылжар | 24 | 29-26 | 29 |
10 | Жеңіс | 24 | 18-32 | 24 |
11 | Жетісу | 24 | 17-33 | 23 |
12 | Тұран | 24 | 16-39 | 20 |
13 | Шахтер | 24 | 12-45 | 10 |