Қапырықта қатырып футбол ойнау мүмкін емес! "Астана" футболшылары стадион туралы мұңын айтты
Бүгінде Астана қаласының өзінде ауа-райы 20-25 градустың айналасында. "Астана – Арена" стадионындағы ауа температурасы 15-17 градусты құрайды. Бірақ, стадион жан-жағынан толық қоршалып тұрғандықтан қапырық, стадионда ауа өзгермейді. Оған басты себеп, стадион шатырының әлі ашылмауында.
Соңғы мәрте "Астана – Арена" стадионының шатыры өткен жылы "МузТВ – Гравитация" деп аталатын концерт барысында ашылған еді. Бірақ, кеш құрым жауын жауып, шатырды қайта жабу кезінде қызметкерлер қиындықтарға тап болған еді. Ол кезде аренаның төбесі өйтіп-бүйтіп жүріп жабылған. Дегенмен, сол уақыттан бері стадионнын төбесі әлі де ашылған жоқ.
Осы жағдайға байланысты "Астана" футбол клубының бапкерлері мен футболшылары мұңдарын айтып жатыр.
Кеше клубтың бас бапкері Станимир Стойлов отандық спорт порталдарының біріне:
- "Астана - Аренаның" шатырын не үшін ашпай жатқанын түсінбеймін. Біз стадионды жалға алушы ретінде бірнеше рет хат та жазып көрдік. Бірақ, әлі нақты жауап жоқ. Қазір стадионның іші қапырық. Мұндай жағдайда доп тебу мүмкін емес. Бұл футболшыларды қорлау ғой. Олар бұлай мазақ қылғандарын қоюлары керек", - деп ашып айтқан болатын.
"Жетісу" футбол клубымен болған ойын туралы өз ойын айтқан клубтың қорғаушылары Марк Гурман мен Абзал Бейсебеков та стадионда ауа тар екенін тілге тиек етті.
— Стадионның ауасы өте тар. Қазір стадионға 1-5 мыңның арасында жанкүйер келіп жатыр ғой. Егер аренаның ішіне жанкүйерлер лық толық болып, шатыры ашылмаса, футболшылардың 10 минуттан кейін жүгіруге де шамасы болмай қалады. Шатыр тезірек ашылса екен деген тілегіміз бар. Мұндай жағдай тек футболшылар үшін ғана емес, жанкүйерлер үшін де қолайсыз, - дейді Абзал Бейсебеков.
— Қапырық ауада футбол ойнау өте қиын. Оны соңғы ойында өздеріңіз де көрген шығарсыздар. Мұндай кезде қақтығыс көп болып, футболшылардың жарақат алу қауіпі де көбейеді, - дейді Марк Гурман.
Біз де осы сауалдың жауабын білу үшін алдымен "Астана – Арена" стадионының шаруашылық бөліміне хабарласқан едік. Алайда, ол жақта бізге мардымды жауап бермей, стадионның Спорт бөліміне хабарласуымызды сұрады. Ол жаққа да хабарластық. Бірақ, ол бөлімде де бір-біріне сілтеп, жарытып жауап берген ешкім болмады.
P.S. Бізге жеткен деректер бойынша, стадионның шатыры қазір толық ашылып-жабылмайды екен. Тек ортасына дейін ғана ашылады. Қазір стадионның қызметкерлері осы мәселені шешіп жатыр. Егер, қиындықтар шешілсе, маусым айының соңында, не шілденің басында ашылады.
Айтпақшы, "Астана – Аренаның" шатыры ғимараттың құжатында көрсетілгендей 15-20 минутта емес, жарты күннің ішінде ашылады. Бұл туралы бізге стадионның Шаруашылық бөлімінің қызметкері айтып берді.
Уалихан ҚОСАНБАЙ
№ | Команда | И | М | О |
---|---|---|---|---|
1 | Қайрат | 24 | 39-21 | 47 |
2 | Астана | 24 | 39-19 | 46 |
3 | Ақтөбе | 24 | 39-26 | 43 |
4 | Ордабасы | 24 | 36-24 | 42 |
5 | Тобыл | 24 | 33-23 | 39 |
6 | Елімай | 24 | 35-32 | 37 |
7 | Атырау | 24 | 28-20 | 35 |
8 | Қайсар | 24 | 28-29 | 34 |
9 | Қызылжар | 24 | 29-26 | 29 |
10 | Жеңіс | 24 | 18-32 | 24 |
11 | Жетісу | 24 | 17-33 | 23 |
12 | Тұран | 24 | 16-39 | 20 |
13 | Шахтер | 24 | 12-45 | 10 |