Әлем бiрiншiлiгiнде гол соққан қазақ
Қазақ ұлтының өкiлi 1999 жылы Нигерия жерiнде өткен жастар арасындағы Әлем бiрiншiлiгiнде 30 метрден гол соққанын осы күнi бiреу бiлсе, бiреу бiлмес. Қазақ футболының алтын тарихына енетiн бұл жағдай Қазақстан құрама командасының Хорватияға қарсы өткiзген кездесуiнде тiркелген едi. Оқырманға осы жайында сөз етпек болып, бiз бүгiн әңгiмеге сол голдың авторы Ерлан Оразаевтың өзiн тартқан едiк.
Футбол философиясын Фомичев ұқтырды
– Ерлан, бүгiнгi әңгiмемiздiң негiзгi арқауы болып отырған сол қазақ жастарының Әлем бiрiншiлiгiндегi көрсеткен өнерi ғой. Сондықтан, барлығын Азиядағы iрiктеу ойындары мен құрлықтық чемпионаттан бастасаң. Әлем бiрiншiлiгiнiң финалдық кезеңiне жолдама алу қалай басталып едi?
- Бiздiң Әлем бiрiншiлiгiне шығып, сенсацияға пара-пар жаңалық жасағанымыз жастар арасындағы Азияның 31-ші бiрiншiлiгiнiң iрiктеу ойындарынан бастау алды. Бiз Шри-Ланканың Канди қаласында өткен алғашқы сыннан мүдiрмей, келесi кезеңге көштiк. Бiзбен қатар сол топта Шри-Ланка, Бангладеш және Тәжiкстан командалары болды. Соңғысын 5:0 есебiмен тас-талқан етiп ұттық. Одан кейiн алаң иесi – Шри-Ланканы 1:0 есебiмен тiзерлеттiк. Үшiншi ойында 2:3 есебiмен Бангладешке жеңiлсек те, топта бiрiншi орынға ие болдық.
– Бангладештi артта қалдырып, Қазақстан құрамасы Әлем бiрiншiлiгiне жолдама беретiн екiншi топтық кезеңге түстi. Сонда көрсеткен өнерлерiңiз жайында айта кетсеңiз.
- Бұл кезең бiз үшiн ең қиын да, ең ауыр ойындарға толы болды. Қазақстан футболында бұрын-соңды мұндай жетiстiкке жеткен ешкiм жоқ екенiн бiзге бас бапкер Владимир Фомичев бiрден ұқтырды. Бiз өзiмiзге “Қалайда Әлем бiрiншiлiгiне жолдама алу керек” деп, мақсат қойдық. Ол үшiн командадағы барлық жiгiттер жұмылған жұдырықтай бiрiктi. Таиландтың Чиангмай қаласында болған матчтарда бiздiң қарсыластарымыз - Үндiстан, Кувейт, Таиланд және Сауд Арабия құрама командалары болды. Үндiстан мен Кувейттi ұтып, Таиландпен тең түстiк. Сауд Арабиясына қарсы ойында мен 12-ші минутта гол соғып, команданы алға шығардым. Бiрақ олар 90-шы минутта екiншi голдарын салып, жеңiске жеттi. Әйтпегенде, кем дегенде бір ұпай қоржында тұрған. Ең бастысы, екiншi орынға қол жеткiзiп, Әлем бiрiншiлiгiне берiлетiн жолдаманы ұтып алдық. Сол 1998 жыл бiз үшiн табысты өттi десек, артық емес.
– Осылай жарқырап өнер көрсетiп, көпшiлiктi таңдандырып жеңiске жету үшiн Ciздерге қандай жағдайлар әсер еттi деп ойлайсыз?
– Ең алдымен сәттiлiк жолдас болды бiзге. Спортта осындай сәттiлiк болмаса қиын. Одан соң бас бапкер Владимир Фомичевтiң атқарған еңбегi ауқымды. Ол кiсi болмағанда бiз бәлкiм жеңiске жете алмас па едiк. Бас бапкер бiздiң әрқайсымызға жеңiскердiң рухын ұқтырды. Өзiнiң бар жиған-терген ақыл-кеңестерiн еш аямай, жаттығуларды өте тиянақты өткiздi. Бiрiншi кезеңдi мүдiрмей өткеннен кейiн, шешушi ойындарға дайындықты тыңғылықты жасадық. Жалпы, жеткен жетiстiгiмiзге қосқан маңызды үлес осында да бар. Бiз Араб Әмiрлiктерiнде оқу-жаттығу жиындарын өткiздiк. Соның септiгi жақсы тидi. Әрине, ол кездерi команда болып жағдайы жақсы елдерде жаттығу екiнiң бiрiнiң қолынан келе бермейтiн жағдай-тын. Әйтеуiр, сол кезде бiздi Қазақстан футбол федерациясы қолдап, демеу бiлдiрдi. “Сенсация” деп бағаланған сол нәтижеге бiз команда болып жеттiк. Ол командада Давид Лория секiлдi мықты қақпашы, Айдар Күмiсбеков секiлдi қорғаушы, Әли Әлиев секiлдi жартылай қорғаушы, Евгений Тарасов секiлдi мықты шабуылшылар ойнады. Менiң ойымша, сол ұжымда ойнаған барлық жiгiттер Қазақстан футболындағы ең үздiктер-тiн.
Басты мақсат – Әлем бiрiншiлiгiне шығу
– Топтан екiншi орын алғаннан кейiн Сiздер жартылай финалға шықтыңыздар…
- Иә, Азия құрлығындағы төрт үздiк құрама команда медальдарды сарапқа салуға көштi. Бiз Оңтүстік Кореяға түстiк. Ойын барысында 2:0 есебiмен ұтып жаттық. Тек 83-ші минутта ғана гол жiберiп алдық. Ал, сосын тағы да 90-шы минуттың зардабын шектiк. Кәрiстер қоймай жүрiп ойынды пенальтиге жеткiздi. Футбол лотореясында 3:4 есебiмен кәрiстерге жеңiлiп қалдық. Әйтпегенде, бiз кем дегенде Азия құрлығында жастар құрамалары арасында екiншi команда саналар едiк.
– Бұл тұста Ciз айтқан сәттiлiк жолдас болмаған секiлдi?
– Ол да бар. Бiрақ, ең басты кiнәрәт онда емес. Бiзге сол жылдары алдымызға мақсат қойып, қадағалайтын адам болмады. Жанашыр, демеу көрсететiн кiсiлер де жоқтың қасы едi. Жалпы, қазақ футболы басынан қиын кезеңдi кешiп жүрген кез болатын. Бiзге бас бапкер Фомичев қарсы шыққан қарсыластың ойынына байланысты өзгермелi тактиканы қолдану арқылы Әлем бiрiншiлiгiне жолдама алуды ғана алдымызға мақсат етiп қойды. Бiз соған ұмтылдық. Азия бiрiншiлiгiнен медаль алып қайту жайлы ешқандай әңгiме де болған емес. Сондықтан болар, бiздiң Кореядан байқамай жеңiлiп қалғанымыз. Сол бiрiншiлiктен бiршама уақыт өткеннен кейiн бапкерiмiз бiзге қателiк жіберген секiлдiмiн деп айтты. Оның ойынша, бiзге одан кейiн де медаль алу мақсатын қою керек едi. Сонда Кореяны жеңiп, финалға шығар едiк. Одан кейiнгi жағдай түсiнiктi. Финалда кез-келген дүние болуы мүмкiн. Ал, негiзi, сол ұжымның осындай биiк белеске жетуiне Фомичевтiң бiр бiлiктiлiгi iске асты. Ол команданың негiзгi ойыншыларын бiр жерден алды. Алматыда Кузнецов деген бапкердiң қоластында бiрге ойнаған 7-8 жiгiттен құраманың негiзiн жасады. Ол тiзiмде мен де бар едiм. Ойын үстiнде түсiнiстiк, бiрiн-бiрiн қарамай паспен тауып алу деген футболдың ең басты ұстанатын қағидаларының бiрi ғой.
Әлем бiрiншiлiгiнде гол соққан Алаш баласы
- Ал, ендi 1999 жылы Нигерияда өткен Әлем бiрiншiлiгiне де келiп жеттiк. Сол кезде посткеңестiк елдерден Әлем бiрiншiлiгiнiң ақтық сынына шыққан жалғыз Қазақстан командасы болған екен. Осы турнирге Сiздер қандай көңiл- күймен аттандыңыздар?
- Көңiл-күй аса мықты бола қоймады. Қазақстан футбол федерациясы қолдан келетiн жағдайдың өзiн жасамады. Тыңғылықты дайындық жасап, мықты қарсыластармен жолдастық кездесу өткiзе де алмадық. Өзiңiз ойлап қараңызшы, Әлем бiрiншiлiгiнiң ақтық сынына шығып отырған команда Алматының шетiндегi ауылда жаттығу жасап, дайындалуға мәжбүр. Басқа жағдай қарастырылмаған. Содан кейiн барып аз күнге Германияға кеттiк. Бiр ғана қарсыласпен алаңда күш сынасып, 8:0 есебiмен жеңiлiп қалдық. Осыдан кейiн қандай көңiл-күй болсын. Әлем бiрiншiлiгiне барғанда өзге командалардан ұялдыртқан жағдай болды. Үстiмiзде денi сау киiм-кешек болмады. Әркiм өзiнiң аяқкиiмiн киiп барды. Бiзден қатты дамымаса да Хорватия футболшылары костюм-шалбар киiп, шырттай боп жүрдi. Осындай жәйттерден соң бiзден бiрдеңе талап етуге ешкiмнiң де құқығы жоқ едi.
– Сiздердiң топтағы қарсыластарыңыз болып үш дүркiн әлем чемпионы және соңғы жастар арасындағы Әлем бiрiншiлiгiнiң жеңiмпазы Аргентина, Африканың чемпионы және 93-ші жылғы вице-чемпион Гана құрамасы мен Еуропаның қола жүлдегерi Хорватия командасы болды. Осы ойындардың iшiнде Аргентина мен Ганаға қарсы кездесулерге тоқталып өтсеңiз.
- Аргентина, сөз жоқ, азулы команда. Сiз айтып отырған атақ-даңқтың өзi бiраз жәйттi анықтап-ақ тұр. Сол кездегi әлем чемпиондарымен бiз өте керемет ойнадық. Қайран, сол ойынды егер барша Қазақстан көргенде бiздiң көкейiмiзде мақтаныш туар едi. Әлемдiк жұлдыздарға қарсы еш саспастан, сабырлы ойнай бiлдiк. Ойынның 44-ші минутында Камбьяссо гол соқты. Осы күнi Эстебан Камбьяссо миландық “Интерде” доп тепкен белдi жартылай қорғаушы екенiн баршаңыз бiлесiздер. Сол кезде бiзге қарсы ойнаған аргентиналықтардың барлығы қазiр әлемнiң үздiк клубтарында өнер көрсетiп жүр. Ал, сол ойында бiздiң қақпаны қорғаған Давид Лорияның өнерiне елдiң барлығы тәнтi болды. Ол Азия құрлығының сол кездегi мықты қақпашыларының бiрi болып саналып жүрген болатын. Әлем бiрiншiлiгi Нигерияда өткендiктен Гана командасы жергiлiктi ауа райына икемдiрек едi. Сондықтан болар, сол үшiншi кездесуде бiздiң африкалықтарға шамамыз жетпедi.
– Ал ендi Ерлан мырза, Қазақстан командасы әлем бiрiншiлiгiнде гол соққан Хорватияға қарсы кездесудi баяндап өтсеңiз. Голды қалай салдыңыз?
– Еуропалық қарсыласымыз керемет жағдайда жаттыққан, барлық жағдайлары түгел ұжым едi. Есеп 3:0 болған кезде бiр гол соқтым. Оны бiрақ төрешi санамады. Қапталдағы лайнсмен “ойыннан тыс қалдың” дедi. Бiрақ ойын бiткен соң бейне қайталаудан қарасам, ешқандай да офсайд болмапты. Соның артынша бiр шабуыл ұйымдастырдық. Кiм екенi қазiр есiме түспей отыр, оң қапталдан бiр әрiптесiм пас бердi. Доп аяғымның ыңғайына керемет жатқанын сезген болсам керек, ештеңеге қарамастан жойқын соққы жасадым. Шамамен 30 метр жерден бағыттаған добым Хорватия қақпашысы үшiн алынбастай болыпты. Доп қақпа торында тулап жатты. Осылайша Қазақстан футболының Әлем бiрiншiлiгiндегi соғылған тұңғыш, әлi күнге дейiн жалғыз болып тұрған голы тiркелген. Ендi бар үмiтiм сол голдың тезiрек жаңартылуы. Бiздiң iнi-бауырларымыз ұлттық құрама сапында әлi талай голдар салады деп сенемiн.
Түркиядағыдай футболға барша халық қызығуы керек
- Сол құрамада өнер көрсеткен жiгiттер қазiр немен айналысып жүр және олармен байланысыңыз бар ма?
- Қазiр футболда жүргендер санаулы ғана. Айдар Күмiсбеков, Андрей Травин, Давид Лория, Самат Смақов секiлдi бiрен-саран жiгiттер ғана. Қалғандары жарақаттарына байланысты футболмен қош айтысты. Шабуылшы болған Евгений Тарасов осы күндерi Санкт-Петербургтың “Зенит” командасында жас жеткiншектердi жаттықтыруда. Әлихан Аққазынов, Мұрат Динаев, Дмитрий Галич сынды талантты жiгiттер өз тiршiлiктерiн жасауда. Оқтын-оқтын хабарласып тұрамыз.
– Соңғы кезде кейбiр футбол басындағы адамдар Қазақстан футболын Азияға қайта кiргiзу керек деп жүр. Сiздер, кезiнде Азияда әбден ойнадыңыздар. Осыған деген жеке пiкiрiңiз қалай?
- Менiң ойымша, Еуропаға кiргенiмiз өте жақсы шешiм болды. Азияда былық-шылық көп. Қазiргiдей футболымыз көтерiлмес едi. Аз ғана уақыттың iшiнде бiраз жағдайды жақсартып алдық. Десе де, атқарар жұмыстар әлi қыруар. Осыдан 20 жыл бұрын Түркия футболы, тiптi, нашар болатын. Олардың да бiрiншiлiктерiн ешкiм көрмейтiн. Ұлттық құрамалары әлем бiрiншiлiгi тұрмақ, Еуропа кубогының ақтық кезеңiне өте алмайтын. Бiрақ, олар халықты футболмен баулап алды. Барша ел футболмен “ауыратын” жағдайға жеттi. Идеологияға айналды десек те болады. Ал, ендi бiздiң жiгiттер Еуропаға кiре салып, бәрiн шетiнен ұта бермейдi ғой. Бiр күнде жасалына салатын дүние жоқ. Барлығы уақыт арқылы келедi. Еңбек, шыдамдылық, төзiм керек жанкүйерлер мен бапкерлерге.
– Қазақ футболының қарқынды дамуына қандай шаралар қолдану керек деп ойлайсыз?
- Футболды дамыту үшiн жасалынуы тиiс дүниелер жеткiлiктi. Ең алдымен балалар, жасөспiрiмдер футболын қолға алып, мектептер ашу керек. Спортшылар сонда жатып оқуы керек, тактикалық бiлiмi, техникалық шеберлiгi, физикалық әл-қуатын күшейтуi керек. Күнi-түнi футболмен өмiр сүруi қажет. Оларға жағдай керемет жасалынуы тиiс. Жаттықтырушылардың жалақылары өте аз. 50-60 мың теңгеге жұмысты кiм iстегiсi келедi? Қаншама жүйкеңдi, уақытыңды құртып кiшкентай балаларды тәрбиелеу – оңай шаруа емес. Бiр жаттықтырушы бүкiл бiр команданы тәрбиелеп шыға алмайды. Тек мықты-мықты деген 3-4 шәкiртi шығады. Мысалы, “Зенитте” жастар командасына 2-3 ойыншы алынса, соның қаржысы бапкерлерге де, сол командаға жұмыс жасаған адамдардың барлығына сыйақы ретiнде берiледi. Бiзде мұндай үрдiс әлi жоқ. Содан кейiн тағы бiр айта кететiн жәйт – насихат. Бiздiң телеарналар ел бiрiншiлiгiн аз көрсетедi. Мысалы, әлемдiк футболды қарасаңыз, теледидардан бiр керемет мықты ойнайтындай көрiнедi. Футболшылардың жылдамдығы жоғары, соққылары тез ұшатын болып көрiнедi. Футболдың өзiн ұсына бiлу деген бар. Оларда бiр матчты 40 камера түсiредi. Ал, бiзде төртеу. Әдемi бейнелердi жылдам, тез ауыстырып көргенге қызықты қылып жасап бередi. Содан кейiн футболға қызығушылық пайда болады. Бiзде әзiрге осы жағы да ақсап тұрған секiлдi.
– Әңгiмеңiзге рахмет!
Ермұхамед МӘУЛЕН
суреттер Айдар Күмісбековтың жеке архивынан алынды
№ | Команда | И | М | О |
---|---|---|---|---|
1 | Қайрат | 24 | 39-21 | 47 |
2 | Астана | 24 | 39-19 | 46 |
3 | Ақтөбе | 24 | 39-26 | 43 |
4 | Ордабасы | 24 | 36-24 | 42 |
5 | Тобыл | 24 | 33-23 | 39 |
6 | Елімай | 24 | 35-32 | 37 |
7 | Атырау | 24 | 28-20 | 35 |
8 | Қайсар | 24 | 28-29 | 34 |
9 | Қызылжар | 24 | 29-26 | 29 |
10 | Жеңіс | 24 | 18-32 | 24 |
11 | Жетісу | 24 | 17-33 | 23 |
12 | Тұран | 24 | 16-39 | 20 |
13 | Шахтер | 24 | 12-45 | 10 |