Ел біріншілігіндегі ауыс-түйістер. ІІ-бөлім
«АҚТӨБЕ»
Қатарынан екінші жыл Еуропа лигасымен алғашқы кезеңде-ақ қош айтысып, ішкі біріншілікте де жиі сәтсіздікке ұшырап, директоры уәдесінде тұрмай, соның салдарынан дүйім жұртқа күлкі болып жүрген «Ақтөбе» жазғы трансфер кезінде жарытып іс тындырды деп айта алмаймыз. Бүкіл голының жартысын Самат Смаков пен Дидар Жалмұқан соғып беріп жүргеннен ұялды ма, басшылық команда сапына бірден үш шабуылшыны қосты. Былтыр Лиссабондағы стадионның бағанасы болмағанда «Астананың» Чемпиондар лигасындағы алғашқы голының авторы атанғалы тұрған Алексей Щеткин «Ақтөбеде» мерген атанып, жанкүйерлерді қарық қыламын деген мақсатпен команда қатарына қосылды. Еңгезердей шабуылшы «Астанада» Нөсербаев пен Деспотовичке бәсекелес бола алған жоқ. Алаңға шықса тек ойынның аяқ жағында Деспотовичті алмастырып жүрді. Батыстық ұжым сапында екі ойын өткізді. Соққан голы жоқ.
Мансабында 11 рет команда ауыстырып, ресейлік «Уфаның» шабуыл өтінде бір ойында төрт гол соққанымен ғана мақтана алатын 31 жастағы Дмитрий Голубов есімді шабуылшы да «Ақтөбе» қарсыластарының қақпасын жиі көздеуге тырысады. Соңғы рет Ресейдің екінші дивизионында ойнайтын ставропольсктік «Динамоның» жейдесінде өнер көрсетіпті. Голубов осыдан үш апта бұрын «Оқжетпеспен» болған ойында мергендік танытқаны бар. Ол гол командаға жеңіс түгілі, ұпай да әкелген жоқ. Тіпті, ірі жеңілістен де құтқарып қала алмады.
«Ақтөбе» сапын толықтырған соңғы шабуылшы Кот-д'Ивуар елінің тумасы 19 жастағы Лассина Дао. Молдаваның жоғары лигасында өнер көрсететін «Заря Бельцы» футбол клубынан ауысып келді. Маусымның 19-ы күні «Ақтөбенің» футболшысы атанған Дао, бүгінге дейін үш мәрте матч барысында алаңға шығып, нәтижелі ойынымен көзге түсе қойған жоқ.
Өткен жылы қызылордалық «Қайсардың» намысын қорғаған сербиялық жартылай қорғаушы Вук Митошевич «Ақтөбемен» келісім-шартқа отырды. Мансабында 116 ойын өткізіп, 2 гол ғана соққан Вук осыған дейін атап өткендей қызылордалық «Қайсар», сербиялық «Войводина», «Ягодина» клубтарында доп тепкен екен.
Сондай ақ, Тоқтар Жаңғылышбай «Ақтөбеден» «Жетісуға» ауысты. 23 жастағы Тоқтар осы маусымда батыстық ұжым сапындағы 12 ойын өткізіп, 2 мәрте нәтижелі соққымен көзге түскен. Сонымен қатар, команда Мұрат Тлешев, Илья Михалев, Михаил Петролай, Бобир Давлатов, Абылайхан Тотай сынды ойыншылармен қош айтысты.
«АТЫРАУ»
Тағы бір батыстық команда, алтыншы орынға таласта «Ақтөбенің» белсенді қарсыластарының бірі - «Атырау» жазғы трансфер кезінде екі футболшымен ғана толықты. Сербияның «Спартак Златибор Бода» клубында ойнаған қазақстандық 20 жастағы жартылай қорғаушы Максим Федин маусым аяғына дейін «Атыраудың» намысын қорғайтын болды. Екібастұз футболының түлегі бұрын «Ертіс» және «Байтерек» клубтарының қосалқы құрамында өнер көрсеткен екен. Екіншісі "Тараз" футбол клубынан келген қорғаушы Берік Айтбаев.
«Атырау» маусым айында бапкерін де ауыстырып, Премьер-лигаға тағы бір болгар маманын алып келді. Болгариялық ЦСКА-ны екі мәрте чемпиондыққа жетелеген Стойчо Младенов маусым аяғына дейін атыраулық команданы жаттықтыратын болады. Тағы бір айта кететін жәйт, команда өзінің көшбасшы ойыншылары Ұлан Қонысбаев пен Алдан Балтаевқа маусымның соңына дейін жарақаттарына байланысты сенім арта алмайды. Олардың орнын толтыратын футболшылар командаға қосылған жоқ.
«ТОБЫЛ»
Біресе, алғашқы алтылықтың соңына жайғасып, біресе, екінші алтылықтың көшін бастап, ұшып-қонып жүрген «Тобыл», «Астана» қызыққан Савичті өз сапына қосып алғанымен мақтана алады. Төртінші шілде күні қостанайлық командамен келісім-шартқа отырған Душан «Тобыл» сапындағы алғашқы ойынын Алматыда жергілікті «Қайратқа» қарсы ойында өткізіп, көзге түсе қойған жоқ. «Жетісу» сапында қарсыластар қақпасына 10 доп соққан серб сұрмергенінің айтар сөзі алда болса керек.
«Тобыл» шабуыл өтіне Савичті ғана алып қойған жоқ. 33 жастағы ресейлік легионер Шамиль Асильдаров та қостанайлықтардың шабуылында ойқастап көрмек. Соңғы жұмыс орны Ресейдің Бірінші лигасында ойнайтын «Волгарь» клубында болған Шамиль Қостанайға келе сала мергендігімен көзге түсті. Алдыңғы турда «Ертістің» қақпасына пенальтиден гол тоғытып, командасының жеңісіне өз үлесін қосты.
«Астанада» Аничич, Логвиненко, Шомко, Постников, Бейсебековтардың тасасынан шыға алмаған, Малый мен Шитов келгесін тіпті ойнамайтынын сезген Марк Гурман «Тобылдың» қорғанысына жауап бермек. Осыған дейін «Астана» мен «Қайраттың» сапында ғана ойнап жүрген Марк «Тобыл» жейдесін киіп, соңғы үш ойынға қатысты. Команданың орталық қорғанысын күшейтті деп ауыз толтырып айта алмаймыз. Тетрадзе шәкірттері үш ойында өз қақпасына бес гол өткізді.
Сонымен қатар, қостанайлық клуб сапына жергілікті ойыншылар Данил Цой және Темирлан Эльмурзаев қосылды. Команда сапынан келесі ойыншылар кетті: Константин Дудченко, Аллассане Н'Диайе, Евгений Левин, Олжас Ильясов, Рахымжан Розыбакиев.
«ОРДАБАСЫ»
Шымкенттік «Ордабасы» негізгі футболшыларын «Астана» мен «Қайратқа» жіберіп, Еуропа Лигасынан тартыссыз-ақ шығып қалды. Сүйімбаев та, Нұрғалиев та өз позициясындағы ең үздік футболшылардың бірі болатын. Сүйімбаев ұлттық құрама сапында Шомкомен бәсекелесе алатындай қабілетке жетіп қалды. Азат ұлттық құраманың соңғы жолдастық кездесулерінде екі гол салды, «Ордабасының» талай ойындарында жеңіс әперді. Әрине, «Ордабасы» Премьер-лигада қола жүлде үшін таласа жатар. Бірақ, бәрімізді қынжылтатыны Еуропа лигасында жарыс жолынан ерте шығып қалғаны.
Азаттың орнына клуб басшылығы Гогита Гогуаны алды. Грузин жартылай қорғаушысы плеймейкер ретінде өзін жақсы қырынан танытып жүр. Шабуылда ойын жүрмей жатса, көшбасшы рөлін өз қолына алатыны бар. Гол салды, нәтижелі пас берді. Пастарының пайыздық көрсеткіші де жоғары. Әр матчқа шаққанда 80 пайыздан асып жатады.
«Ордабасы» хорват шабуылшысы Эдин Юнузовичті Түркияға жіберіп, оның орнына грузин футболшысы Отар Марцваладзені қатарға қосты. 31 жастағы Грузия Ұлттық құрамасының шабуылшысы өткен маусымда "Дила" футбол клубымен Грузияның чемпионы атанған. Сонымен қатар, клуб сапынан Милош Трифунович, Дәуренбек Тәжімбетов, Кирилл Короткевич кетті.
Фараби ӘБДІХАЛЫҚ
№ | Команда | И | М | О |
---|---|---|---|---|
1 | Қайрат | 24 | 39-21 | 47 |
2 | Астана | 24 | 39-19 | 46 |
3 | Ақтөбе | 24 | 39-26 | 43 |
4 | Ордабасы | 24 | 36-24 | 42 |
5 | Тобыл | 24 | 33-23 | 39 |
6 | Елімай | 24 | 35-32 | 37 |
7 | Атырау | 24 | 28-20 | 35 |
8 | Қайсар | 24 | 28-29 | 34 |
9 | Қызылжар | 24 | 29-26 | 29 |
10 | Жеңіс | 24 | 18-32 | 24 |
11 | Жетісу | 24 | 17-33 | 23 |
12 | Тұран | 24 | 16-39 | 20 |
13 | Шахтер | 24 | 12-45 | 10 |