Футбол келді!
Кезінде азаматтық борышты өтеп, әскер қатарында жүргенде Донецк командаларын жаттықтырған бапкер Пилипчуктың дайындығын көрдік. Бізге де доп тебуге мүмкіндік берді. Бір күні әңгімеге тартты. Қысқа сөйлейтін. «Қазақтар неге өз футболын ойнамайды?», - дейді. Ойланып қалдық. Өз футболымызды білмейтін едік, білмегенде қазақ футболы қандай болуы тиіс екенін ұқпайтынбыз. Соны айттық. Сәл күлді де, «азиаттардың аяқтары мықты келеді. Сосын тез қозғалады. Сол маңнан іздеу керек шығар», - деді. Отыз жыл бұрын естіген әңгіме. Ширек ғасырдан астам уақытта ол футболды таба алмағанымыз анық.
Бірақ бізге тән тағы бір футболдың шаңы сезілді. Яғни, футбол келді. Келгенін Талғат Байсуфинов ұлттық құрама тізгінін ұстаған күні білдік. Тілшілер алдында сөз алған Талғат Маруанұлы... түк те айтқан жоқ. Дұрысы тұтығып қалды. Сосын қазақша кетті. «Мынау волнение деген бәле болды ғой». Ойыншы ретінде өзіндік орын алған, Байсуфиновтық қолдаңба қалыптастырған Талғат Маруанұлының бапкерлігі де бір кісідей. Тұтығып қалғаны сөз таппағандық емес. Намыс буып тұрды. Өз футболымызды іздейтінін аңғартқаны. Ол – намысқа негізделген футбол еді. Әсемділігі әзірше бола қоймайтын, техниканы екінші ретте ұстайтын ойын өрнегі. Бапкер қара терге түсті. Беторамалымен әлпетін әлденеше рет сүртті. Құрғағаны шамалы. Сосын сөйледі. Сөйлегенде де қысқа қайырды:
- Бір нәрсені анық білемін. Біз жан аяп қалмаймыз. Мен де, менің көмекшілерім де. Және мен шақыратын футболшылар. Ағайын, анық ұғыңыз. Қолдан келгенше жаттықтырамыз, шама келгенше ойнатамыз. Оған шүбә келтірмеңіз.

Ағынан жарылу деген сол. «Астана-Арена» табалдырығын алдымен Польша аттайтын еді ғой. Әлем біріншілігінің іріктеу матчын бастап беріп. Сай тасындай іріктелген жігіттерге сенім артатын олар. Біз ше? Біз болғанда Талғат Маруанұлы ел біріншілігіндегі жарамдыларды түгел жинады. Алатау асырып, қырғыз апарды. Ұтылып қайтты. «Бұл қалай өзі», - дегендер көп болды. Жерден алды. Жерге салды. Жамандық көрсе желді күнгі кейбір жан иесіне ұқсайтын сайт бар. Солар мәз болды. Кәдімгідей шаттанды. Красножанды іздеді. Юрий ағалары салып кеткен сүрлеудің көмескі тартқанын айтып, жазып, шерлерін тарқатты. Миықтан күліп тұрдық. Ол қате пікір еді. Красножан мықты бапкер. Бірақ өзіндік леп, красножандық із сала алған жоқ. Себебі, Қазақстан құрамасы іріктеу сындарында баяғы қалпынан айнымады. Рас. Жанталасқан шығар, ойыншыларды да, ойынды да ширатқысы келген шығар. Дұрыс. Жарайсың! Жарап тұр, Красножан. Бірақ өз тобымыздағы бесінші, алтыншы орындарды алатын қауқар өз жігіттерімізде де бар.
Әңгіме Қазақстан – Польша кездесуі қарсаңындағы ахуалға қатысты еді ғой. Матчқа бір күн қалғанда баспасөз маслихаты өтті. Сауал көп еді. Алдымен Талғат Маруанұлына қойдық.
- Талғат Маруанұлы, осы алаңда төселген жігіттерге ту беріп, атой салдырсақ деп басталатын ұсыныс, әлде ұсынысқа оралған сұрақ бар.
- Түсінді деп есепте. Сенің көкейіңдегі құрамды кешелі бері талқылап жатырмыз. Шамасы сол жігіттерге тоқтайтын шығармыз.
- Елдос Ахметов еріп келген екен. Келесі сауал қорғаушыға. Әй, тым болмаса аналардың есім-сойынан ат үркеді деместен, қорықпай ақ, үрікпей ақ ойнауға қалайсыңдар?
- Жауабым дайын. Егер бапкер сенім артып жатса, жанымды салып ойнаймын, өзге жігіттер де осындай ұстанымда.
Бәрекелді, дестік бәріміз. Бәрекелді! Жауапты қалай жұптайды! Түсінікті еді, түсініп тұрдық. Мұндай команданы Польша ұтпайды. Мың жерден Роберт Левандовскиі болсын. Тұңғыш рет баспасөз мәслихатынан көңілді қайттық. Қазақша жауап алғанымызға ғана емес, осындай жауап қайтаратын жігіттердің табылғанына шаттандық. Қазақша айтып едік, қазақша қабылдады. Қазақ ретінде жауап берді. Елдостың да көзі жасаурап тұрды. Өткендегі бас бапкер секілді. Біз күтетін ойын ұсынатын секілді, соған сендік те.

Ойын алдында «Хабар 24» жаңалықтары бөлмесінде тағы бір оқиға орын алды. Мачтқа бара жатқан Нұршапағат Несіпбаев пен Қанат Базылхановқа қарадық та, сырды жайып салдық. «Бүгін Польшаға жеңіс жоқ!». Неге, десті олар. Жауап маңызды емес. Ойын басталды. Польша қырып барады. Гол соқты. Тағы да. Есеп 0:2. Болжам жасауды мінсіз меңгергендерге айттық. «Қоямыз, біздің жігіттерге. Кемі бір гол». Өзімізді қайрау еді. Әлгі Красножанды жоқтағандардың бір өкілі өтіп бара жатыр екен. «Қалайсың», - дедік. «Ойын қалай?». «Тегін ірімщік қақпанда ғана болатынын ұққан шығарсыз..». «Қалқам, сен өзі стадионға енді кірдің бе, көрмейсің бе, біздің жігіттердің қарқынын. Салады қазір голды. Қорғаныс енді тасқамал. Алып көрсін, Левандовскийлерің». Қанымыз басқа тепкен еді. Қарқылдап күлді. Әлде біз күлдік. Анау әріптестің футболды ұқпай жүргеніне. Күлкіміз сенімге негізделген. Сосын күлеміз де. Ол неге күлді? «Красножан керек, Красножан. Онсыз болмайды». «Әй, Красножаның әлем чемпионатына апара ала ма?». «Апармайды. Бірақ Красножан баптайтын команда ретінде таныламыз ғой, ел-жұртқа». «Қарап тұр, қара біздің жігіттерге. Көрсетеді, қазір футболдың не екенін». Күлген жоқпыз. Күрсінбедік те. Байсуфинов шәкірттері күлкіге де, күрсінуге де мүмкіндік бермеді. Бәрімізден жанкүйер сомдап шықты. Кәсіп жайына қалды. Дуға ду қостық. Айқайға айқай қостық. Сергей Хижниченко гол соқты. Тағы бір голды өзіне жазды. Есеп 2:2. Содан кейін төрт гол жіберсек те пікір өзгермейтін еді. Намысқа суғарылған футбол көрсетті, біздің жігіттер. Енді Подгорица барады. Монтенегроның шамасын байқап көру үшін. Реті келіп жатса, қазақ футболының тағы бір тұсау кесерін өткізеді ау, шамасы...
Амангелді СЕЙІТХАНОВ
| № | Команда | И | М | О |
|---|---|---|---|---|
| 1 | Қайрат | 4 | 6-0 | 10 |
| 2 | Ордабасы | 4 | 7-3 | 8 |
| 3 | Елімай | 4 | 7-3 | 8 |
| 4 | Оқжетпес | 4 | 7-4 | 8 |
| 5 | Астана | 4 | 6-5 | 7 |
| 6 | Ертіс | 4 | 6-5 | 6 |
| 7 | Қызылжар | 4 | 4-4 | 5 |
| 8 | Ұлытау | 4 | 3-3 | 5 |
| 9 | Жетісу | 4 | 4-6 | 5 |
| 10 | Атырау | 4 | 2-2 | 4 |
| 11 | Ақтөбе | 4 | 6-7 | 4 |
| 12 | Жеңіс | 4 | 2-4 | 3 |
| 13 | Қайсар | 4 | 1-3 | 3 |
| 14 | Алтай | 4 | 1-3 | 2 |
| 15 | Каспий | 4 | 2-6 | 1 |
| 16 | Тобыл | 4 | 3-9 | 1 |